Ақтөбедегі ірі су қоймаларында су қоры қанша
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе су қоймасында 32%, Қарғалыда 28%, ал Саздыда 21% су қоры бар. Мамыр-қыркүйек айлары аралығында үш су қоймасынан 60 млн текше метрге жуық су жіберілді.
«Қазсушар» РМК Ақтөбе филиалы Ақтөбе, Қарғалы және Сазды су қоймаларына бақылау жұмысын жүргізеді және шаруаларға су жіберіп отырады. Ең үлкені — Ақтөбе су қоймасы. Сыйымдылығы — 245 млн текше метр. Қазіргі кезде су қоймасында 78,86 млн текше метр су қоры бар. Бұл сыйымдылықтың 32%-на тең.
— Су тасқынының басында Ақтөбе су қоймасындағы су көлемі 100 млн текше метр болды. «Қазгидромет» РМК-ның 110-242 млн текше метр су келеді деп болжағанымен тек 55 млн текше метр су құйылды. Су қоймасы тек жинақтау режимінде жұмыс істеді. Сонымен бірге Елек өзенінің тепе-теңдігін сақтау және экологиялық жағдайын жақсарту үшін сол кезде 52,27 млн текше метр су жіберілді. Ал Қарғалы өзеніндегі Қарғалы су қоймасының сыйымдылығы — 280 млн текше метр. Қазіргі кезде судың нақты көлемі 78,23 млн текше метр болып тұр. Бұл сыйымдылықтың 28% құрайды. Су тасқыны кезеңінде 87 млн текше метр су болды. Тасқын кезінде оған қосымша 35 млн текше метр су жиналды. Сазды су қоймасының сыйымдылығы — 7,5 млн текше метр. Қазіргі кезде су қоймасында тек 1,57 млн текше метр су бар, — деді «Қарсушар» РМК АОФ директорының орынбасары Тимур Тлеуов.
Биыл мамыр-маусым айларында Ақтөбе облысы аумағында жауын-шашын мол түсті. Сол кезде Сазды су қоймасына 6 млн текше метр су жиналды. Әрі екі айда су қоймасынан су жіберілмеді.
Айта кетейік, Ақтөбе облысы бойынша Ақтөбе және Сазды су қоймаларына жөндеу жүргізілді. Қарғалы су қоймасын реконструкциялау үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жіберілді.
— Стратегиялық маңызы бар су қоймаларын қауіпсіз пайдалану мақсатында соңғы 20 жылда алғаш рет көпфакторлы зерттеп-қарау жүргізіліп, қауіпсіздік декларациялары әзірленді. Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында ескерту сипатындағы іс-шаралар кешенін жүргізді. Стратегиялық маңызы бар объектілерде режимдік және күзет іс-шаралары, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды, — деді «Қарсушар» РМК АОФ директорының орынбасары Тимур Тлеуов.
Айта кетейік, Қазақстан мен Ресей трансшекаралық су нысандарын бірлесіп пайдалану мәселеcін талқылады. Онда Жайық, Ертіс және басқа да ірі трансшекаралық өзендер бассейндерінде зерттеулер жүргізуге арналған Бірыңғай жол картасын іске асыруға, сондай-ақ Қараөзен мен Сарыөзеннің су шаруашылығы балансын әзірлеуге ерекше назар аударылды.