Ақтөбедегі бірқатар құрылыстың кешігуіне материалдардың шет елден жеткізілуі себеп болды - маман

  АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы экономикасының 6 пайызы құрылысқа тиесілі. Бұл саланы одан әрі дамыту үшін құрылыс компаниялары мен құрылыс материалдарын өндіруші кәсіпорындары қауымдастық құру туралы шешімге келді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Ақтөбедегі бірқатар құрылыстың кешігуіне материалдардың шет елден жеткізілуі себеп болды - маман

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Ақтөбе қаласында құрылысы тоқтап тұрған 14 нысанның мәселесін көтеріп, техникалық, авторлық қадағалаушылардың жұмысын сынға алған болатын. Сыннан соң облыстық кәсіпкерлер палатасы құрылыс компаниялары мен құрылыс материалдарын шығаратын өндіріс орындарының өкілдерін жинап алды. Ортақ алаңда құрылысты сапалы жүргізуге, дер кезінде аяқтауға қатысты мәселелер қаралды. Ұзақ жылдар бойы осы салада еңбек етіп келе жатқан қадағалаушы Ғибат Қыдыралиннің айтуынша, нысанның дер кезінде тапсырылмауына мердігерлер кінәлі.

«Құрылыс компаниялары бағаға қарайды. Қазір олар Қытай, Ресей, Белоруссияға тапсырыс беріп жатыр. Ол жақта сантехника, жиһаздар мен электр станциясына қажетті құралдар, кабель сымдар арзан. Бірақ тапсырыс берген кезде 45 күн деп белгілеп, оны ұмытып кетеді. Сөйтіп, қажетті құрылыс материалы 90 күнге дейін кешігеді. Мәселен, Ақтөбе қаласында көпқабатты жатақхана құрылысы белгіленген мерзімде аяқталмай тұр. Себебі, қажетті заттары кешігіп жатыр», - деді «Нисан-Ақтөбе» ЖШС директоры Ғибат Қыдыралин

Сонымен қатар, құрылыста авторлық, техникалық қадағалау жеткілікті жүргізілмейді. Әріптестерінің қателігін мойындаған техникалық қадағалаушы алдағы уақытта бұл сыннан нәтиже шығады деп отыр.

«Техникалық қадағалаушылар аптасына екі рет құрылыс басына барады. Біздің кейбір әріптестеріміз өз міндеттеріне салғырт  қарап, құрылысты қадағаламайды. Оны мойындаймыз және алдағы уақытта қателік жібермеуге тырысамыз», -  дейді Ғ.Қыдыралин.

Ақтөбе экономикасының 6 пайызын құрайтын құрылыста бір қарағанда өсім бар. Бірақ, өткен жылдардың межесі орындалмай келеді. Оған жер телімінің тапшылығы, құрылыс материалдарының сапасы мен құнының қымбаттауы себеп. Өндіруші компаниялар тауарын өткізуде қиындыққа тап болады. Баға бәсекелестікке қабілетті емес, жергілікті жерде қымбат болса, Қытай мен Ресей, Белоруссия арзан өнім ұсынады. Құрылыс материалдарын шығарушыларға қолдау қажет. Жергілікті құрылыс компаниялары, билік қолдау көрсетпесе жабылып қалуы мүмкін. Ал арзанға жүгіріп, шетелге тапсырыс беріп жатқандар нарықта бағаның басты орында екенін жасырмайды. Бүгін екі тарап тоқтамға келіп, ортақ шешім қабылдау алаңын құруға келісті. Ақтөбеде құрылысшылар қауымдастығы құрылатын болды.

Алтынай Сағындықова