Ақтөбедегі теракт терроризммен күресте халықаралық күш-жігерді нығайтудың маңыздылығын көрсетті - Е. Ыдырысов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов интернеттегі блогында сыртқы саясат ведомствосы ұжымының атынан Ақтөбеде 5 маусымда құрбан болған азаматтардың отбасыларына көңіл айтты.

«Еш жазықсыз азаматтарымыздың өмірін қиған, адамшылықтан ада бұл қылмыс, біздің баршамызға ортақ шаңырағымыздағы бейбітшілік пен келісім құндылығын айрықша қатаң сақтап, алдағы келешекте күш қолдану мен зорлық-зомбылыққа жол бермейтін үйлесімді қоғам құруға бағытталған бірлескен күш-жігерімізді арттыру қажеттігін еске салып отыр.  Ақтөбедегі теракт сондай-ақ, террорзм және экстремизммен күрестегі халықаралық күш-жігерді нығайтудың, дінді бұрмалап, оны қылмыстық мақсаттарға қол жеткізу үшін пайдалануға қарсы әлемдік қауымдастықтың бірлесе әрі белсене күресу қажеттігін танытты. Дәл осы мәселені Қазақстан Президенті Н. Назарбаев ұдайы көтеріп, ол үшін Жаһандық терроризмге қарсы коалиция құру секілді нақты бастамаларды ілгерілетіп келеді», - делінген министр блогында. 

Сонымен қатар, Е. Ыдырысов қара жамылған қазақстандықтар отбасына көңіл айтып, Қазақстан халқы мен мемлекетіне қолдау білдіріп жатқан әлемнің түкпір-түкпіріндегі әріптестерге ризашылығын білдіреді. «Біз бейбітшілік пен барлық халықтардың тұрақты дамуы үшін өзара ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтуға ниеттіміз», - делінген министр блогындағы жазбада.

Соңғы жаңалықтар