Ақтөбелік алаяқ жоқ күшіктерді интернетте «сатумен» айналысқан
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының тумасы әлеуметтік желілер арқылы жоқ күшіктерді «сатумен» айналысқаны үшін жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлеуметтік желіде арзан бағамен мопс күшіктерінің сатылатыны туралы хабарламаны көрген Петропавл тұрғыны сатушыға хабарласқан. Әйел алдын ала төлем жасап, «жануардың жолын қарайлаумен» болады. Біраз уақыт өткен соң сатушыға хабарласайын десе - нөмірі сөндірулі.
«Күдікті кім екені анықталды. Ол Ақтөбе облысының тумасы, мектепті енді ғана бітірген қыз екен. Оның 11 интернет-алаяқтық әрекетіне қатысы болуы мүмкін. Соның бәрінде қыз асыл тұқымды күшіктерді «сатып» келген. Алдын ала төлемнің мөлшері сатып алушымен өзара келісім негізінде, 30-80 мың теңге аралығында белгіленген. Қыздың айласына ілінгендердің көпшілігі - елорда тұрғындары», - дейді баспасөз қызметінің өкілдері.
Іс материалдары Астана ішкі істер департаментіне берілді. «Алаяқтық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Оған сәйкес, 4 мың АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленуі мүмкін.
Жыл басынан бері солтүстікқазақстандық полицейлер 13 интернет-алаяқтық қылмысын ашқан.