Ақтөбелік әйел «Мега Ақтөбе» сауда орталығына бомба қойылғандығы туралы жалған хабары үшін үш жылға сотталды
АҚТӨБЕ. 22 маусым. ҚазАқпарат - Ақтөбе сотында 2013 жылдың 22 ақпанында полицияға «Мега Ақтөбе» сауда, ойын-сауық орталығына жарылғыш зат қойылғандығы туралы жалған хабар берген ақтөбелік әйелге қатысты үкім шығарылды.
Әйел достарымен бірге спирттік ішімдіктер ішіп, кешке қарай өз ұялы телефонынан полицияға қойылған жарылғыш зат туралы хабарлаған.
Оқиға орнына барлық шұғыл қызметтер тартылды, ғимарат аумағы қоршалып, адамдар қауіпсіз жерге шығарылды. Жұмыстардың нәтижесінде бомба табылған жоқ.
Сот ақтөбелік әйелді ҚР ҚК 242-бабы («дайындалып жатқан террористік акт туралы қасақана жалған хабарлау») бойынша айыпты деп таныды. Сот үкімімен оған жазасын жалпы режімдегі түзеу колониясында өтеумен 3 жыл мерзімге бас бостандықтан айыру жазасы тағайындалды.