Ақтөбелік кәсіпкер бұқтырылған етті сату үшін әлеуметтік желіге жүгінетінін жасырмады
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбелік кәсіпкер Самат Қалдығұлов бұқтырылған цех өнімін сата алмай отыр. Ол адамдарға ұсынғанымен, көбі бағасы қымбат деп бас тартатынын жасырмады , деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбедегі «Айбек» шаруа қожалығы өткен жылы бұқтырылған ет шығаратын цехты іске қосты. Жоба құны - 500 миллион теңге. Қазір мұнда сиыр, қой, жылқы еті мен сиыр еті қосылған күріш, асбұршақ, қарақұмық шығарылады. Ішкі нарыққа сатуға шығарылған өнім сұранысқа ие болмады. Себебі, баға өзге бұқтырылған етке қарағанда қымбат. Кәсіпкер таза, адал өнім бағасының арзан болмайтынын алға тартып отыр.
«Біз таза өнім шығарамыз. Бұқтырылған ет ішінде қоспа жоқ, баға жоғары. Қалбырға өнім салмағы 325 грамм болса, оның 287 гр таза ет. Етті өз шаруашылығымыздан аламыз. Жан-жағымызда 17 шаруашылық жұмыс істеп тұр. Ет кластерін дамытып отырмыз. Малды бордақылаймыз, сойып, сатамыз. Ал цехтың құрал-жабдығы Польшадан әкелінді. Автоматты құрылғы 1 минутта 120 қалбырға тұз, бұрыш, майын, етін салып үлгереді»,- деді кәсіпкер Самат Қалдығұлов.
Кәсіпкер жаңа жобаны іске асырған кезде өнімнің сұранысқа ие болатынына сенімді болды. Бірақ үміт ақталмады. Әлі де сұраныс аз.
«Адамдар қалбырдың ішінде не бар екен деп күмәнмен қарайды. Сондықтан әлеуметтік желіні пайдаланып, жарнамалауға шықтық. Сапасына сын айтқан ешкім болмады. Қазір Ресейге тасымалдап жатырмыз. Жылына 200 мың дана өнім жібере аламыз. Мәскеу, Орынбор, Челябіге де жібереміз. Бір ауысымда 48 мың дана өнім шығара алмыз. Әзірге цех толық қуаттылықта жұмыс істеп тұрған жоқ»,- деді Самат Қалдығұлов.
Ақтөбеге жұмыс сапары кезінде Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев цех өнімімен танысты. Кәсіпкер өнім нарығын іздеуге көмектесуді сұрады.