Ақтөбелік полицейлер балконнан секірмек болған ер адамды құтқарды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде облысының ПД патрульдік жасақтары 41 жастағы ер адамның өз-өзіне қол жұмсау әрекетінің алдын алды, деп хабарлайды Polisia.kz.
29 сәуірде сағат 16:43-те «102» пультіне Білге қаған көшесіндегі үйдің тұрғындары төртінші қабаттың балконынан ер адам секіріп кетпекші болып тұрғаны жөнінде қоңырау шалған. Ақтөбе облысы ПД жедел басқару орталығының қызметкерлері осы ауданда болған патрульдік жасаққа хабар берді.
Оқиға орнына шұғыл жеткен екі патруль жасағының бірі тұрғын үйге келген бойда төртінші қабатқа көтеріліп, ер адам тұрған пәтерге кіруге тырысты, бірақ ешкім есікті ашпады.
Екінші топ төменгі жақта, сыртта тұрып, балкондағы ер адамның іс-әрекетін қадағалаған. Тәртіп сақшылары көрші пәтерден балкон арқылы кіруше шешім қабылдады. Осылайша Ақтөбе қаласының аумақтық қорғаныс әскери міндеттілері Сағынбаев пен Қалыбеков суицидтің алдын алып,ер адамды құтқарып қалды.
Ол облыстық наркологиялық диспансерге алғашқы көмек көрсету үшін жеткізілді.