Ақтөбелік СҚО-да өзі жұмыс істеп жүрген үйді тонап, қолға түсті
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында үй шаруасына көмектесуге жалданған ер адам үй иелерін тонап, қолға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Қызылжар ауданының полиция бөліміне қала маңындағы Пеньково ауылының тұрғыны арызданды. Айтуынша, оның үйінен жалпы сомасы 330 мың теңге болатын зергерлік бұйымдар мен ақша ұрланған.
Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, нәтижесінде бірер сағаттан соң ұрлық жасаған күдіктіні Петропавлда ұстады. Ақтөбе облысының 33 жастағы тумасы бұрын да ұрлық жасағаны үшін бірнеше рет сотты болған екен.
«Ол бұл үйге 1,5 ай бұрын келіп, үй шаруасын атқаруға жалданған. Үй иелерінің жол жүріп кеткенін білген ол үйге еніп, ұрлық жасаған. Олжалаған ақша мен зергерлік бұйымдарды алып, Петропавлда өз керегіне жұмсаған», - дейді тәртіп сақшылары.
Бұл дерек «Ұрлық» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды.
«Үйге мықты құлып салу қажеттілігін ауылдықтардың естеріне саламыз. Жолға шығарда есіктерді, терезелерді де жауып, көршілерден көз қырын салып отыруды сұраған жөн. Ұрлық жасалған жағдайда бірден полицияға хабарлау қажет», - дейді Қызылжар ауданы полиция бөлімінің бастығы Әлихан Байқадамов.