Ақтөбелік тәртіп сақшысы теракт кезіндегі ерлігі үшін «Жыл полицейі» атанды

Ақтөбе ІІБ жол-патрульдік полициясында жұмыс істейтін Аслан Есентаев республика бойынша «Жыл полицейі» атағын алды. 28 жастағы қызметкер теракт кезінде бір лаңкестің көзін жойын, бір қылмыскерді құрықтаған. 5 маусым күнгі оқиға кезінде күндізгі кезекшілік болған Аслан Есентаев «Паллада» дүкеніне шабуыл жасалғаны туралы хабарды естісімен, екі әріптесін ертіп оқиға орнына жеткен. Атыс кезінде жанындағы әріптесінің бетіне оқ тиген. Сол жерде Аслан Есентаев жерде жатқан жаралы қылмыскерді құрықтап үлгерген.
5 маусым күні кешкілік Кірпішті ауылындағы бекетке жасалған шабуыл кезінде ол тағы бір лаңкеспен бетпе бет келген. Полицейлерге тиесілі «Нива» көлігін мініп кеткен лаңкестермен атыс кезінде Аслан қарулы қылмыскердің көзін жойған.
«Оқиға қас-қағым сәтте болды. Атыс ортасында болғанымды үйдегілер білген жоқ. Анам қарт адам болғандықтан, жүрегін ауыртқым келмеді. Бәрін кейін айттым. Жасаған ісімді ерлік емес, азаматтық борыш деп түсінемін. Өйткені біз бұл қызметке келгенде, Отан қорғауға ант еттік,-дейді полицей.
Аслан Есентаев құқық қорғау органдарында 2009 жылдан бері аға сержант болып қызмет етеді. Отбасылы, 4 жастағы ұлы бар. Лаңкестік оқиға кезінде ерлік көресткен ол республика бойынша «Жыл полицейі» атанды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың ақшалай сыйақысына да ие болды.