Ақтөбелік әскери ұшқыш: тасқында бастысы адамдарды құтқару болды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының түлегі, лейтенант, аға нұсқаушы ұшқыш Әли Орынбаев тікұшақпен 200 сағат ұшқан. Әуе ұшқыштары үшін бұл - айтарлықтай көрсеткіш. Агенттік тілшісі жас ұшқышпен әңгімелескен еді.
«Әскери болуды бала күнімнен армандадым. Менің әкем - әуе қорғанысы күштері әскери институтының 2001 жылғы түлегі, әкемнің ізін қуып 2019 жылы әуе әскери оқу орнына түсіп, 2023 жылы мемлекеттік тікұшақ авиациясы мамандығын меңгердім. Анам да осы әскери салада қызмет етеді. Биыл біздің қызмет су тасқыны кезінде қыза түсті. Тасқынның алғашқы күнінен бастап біздің экипаж эвакуациялау шараларына белсене араласты. Су шайған алыс-жақын елді мекендер тұрғындарын, сонымен қоса дүние-мүлкін қауіпсіз жерге жеткіздік. Сонымен қатар жаяу, көлікпен жету мүмкін емес елді мекендерге гуманитарлық көмекті тікұшақпен тасыдық. Біздің басты мақсат – су тасқыны кезінде адамдарды құтқару болды», - деді Әли Орынбаев Қорғаныс министрлігінің ұйымдастыруымен өткен БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры барысында.
Жас әскери ұшқышты оқуды бітіре сала Шымкент әскери авиациялық базасына тәжірибе жинауға жіберген. Биыл маусым айынан бері туып-өскен өлкесі Ақтөбеде қызмет етіп жүр.
«Қазір институт курсанттары мен офицерлерін практикалық тұрғыдан үйретемін. Ал әскери авиацияны таңдаған себебім, бұл жерде біз адам өмірін құтқарамыз, одан бөлек адамдарға гуманитарлық басқа көмек көрсетеміз. Келісімшартқа сәйкес мен 15 жыл әскери авиация саласында қызмет етуге міндеттімін және одан әрі жалғастыруға ниеттімін», - дейді ол.
Оның айтуынша, ұшқыштарға тән қасиеттер – тез шешім қабылдау, ұстамдылық және мақсатқа жету. Сондай-ақ, жас ұшқыш болашақта әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы болғысы келетінін де айтып қалды.
Еске салсақ, Ақтөбе облысы - биыл көктемде тасқыннан зардап шеккен өңірлердің бірі.