Ақтөбелік әйелдер шағын және орта бизнестің тең жартысына жуығын басқарады

Сауда
Фото: Pexels

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ақтөбеде 84 мыңнан астам шағын және орта бизнес субьектісі болса, оның тең жартысына жуығын әйелдер басқарып отыр. Қыз-келіншектердің көбі көтерме және бөлшек сауданы таңдаған.

Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаевтың хабарлауынша, облыста тұрақты жұмыс істеп тұрған 84 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субьектісі бар. Оның 40 мыңнан астамы әйелдердің иелігінде.

Кәсібін оң жолға қойған ақтөбелік қыз-келіншектердің 18 мыңнан астамы көтерме және сауда саласын таңдаған. Сонымен бірге өңдеу, ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы және жылжымайтын мүлік сату, сатып алу саласында еңбек етеді. 

- Былтыр Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы аясында 1 600-ден астам жоба қолдау тапты. Мәселен 1 мыңға жуық жобаға субсидия берілсе, оның тең жартысы әйелдер басқаратын бизнеске бөлінген. Барлығы 663 жобаны несиелендіруге 21 млрд теңге бөлінген болса, соның 224 жобасы әйелдер еншісіндегі кәсіп. Сонымен бірге Ақтөбе облысының кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында әйелдерге кеңес берілді. Биыл 64 әйелге бағыт-бағдар берілді, - деді Ақтөбе облыстық Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаев.

Соңғы жаңалықтар