Ақтөбелік эколог ғалым қандыағаш алқабын сақтап қалу жобасын ұсынды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Өңірдегі табиғи аймақтарды ерекше қорғау жойылып кету қаупі басым өсімдік пен құстарды, жануарларды сақтауға мүмкіндік береді. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті экология кафедрасының доценті, биология ғылымының кандидаты Ақылжан Телеуов қандыағаш тоғайын, орман алқабы мен борлы тау аумағын сақтап қалу жобасын ұсынды. Әзірге қолдау аз. Тіпті оның кейбір жобасы жылдар бойы қараусыз қалған. 

Ақтөбелік эколог ғалым қандыағаш алқабын сақтап қалу жобасын ұсынды
Фото: Алтынай Сағындықова

– Елімізде қандыағаш тоғайының аумағы жыл өткен сайын азайып барады. Соның бірі Ақтөбе облысы аумағында орналасқан. Осы ретте сіз әріптестеріңізбен бірге сол жерге барып, оның ауданын анықтап, құжатын рәсімдеген едіңіз. Содан бері не өзгерді? Неше жыл өтті?

– 2012 жылдан бастап Ақтөбедегі табиғаты ерекше жерлер туралы зерттеу материалдар жазып жүрмін. Ең бірінші Орқаш орманынан басталды. Кейін Мәртөк, Қобда, Әйтеке би, Ойыл және Мұғалжар аудандары мен Ақтөбе қаласындағы кереметті тізбектеп, қорғауға алу құжатын ұсындым. Бұл – бірегей флора мен фауна аумағы. Ал Алға ауданы Темірей өзені сағасындағы қандыағаш (ольха – ред.) тоғайына құжат 2023 жылы жасалды. Бұл – өте сирек кездесетін, жойылып кету қаупі бар ағаш түрі. Менің ойымша ландшафтты жерді сақтай отырып біз оны жойылып кетуден қорғаймыз. Неге сирек кездеседі және Қызыл кітапқа еніп тұр? Себебі тіршілік ету ортасы өзгерді. Біз жерді шаруашылыққа, өндіріске пайдаланып, негізін бұзып отырмыз. Бұрын орманды алқап болса, жылдар өте ол өзгереді. Ал өсімдіктер мен жануарлар тек өзіне жайлы ортада ғана тіршілігін жалғастыратынын ұмытпауымыз керек. Қандыағаш ағашы көбіне батпақты жерлерде өседі. Ол жерде міндетті түрде бұлақ, су болады. Егер біз осы аумақты сақтай алсақ қандыағашпен бірге өзге де дүниені қорғап қаламыз. 

Ақтөбелік эколог ғалым қандыағаш алқабын сақтап қалу жобасын ұсынды
Фото: Алтынай Сағындықова

– Қандыағаш тағы қай жерлерде өсіп тұр?

– Елек, Ырғыз, Сағыз, Ойыл, Ембі, Қауылжыр, Ор өзендерінің бәрі бастауын Мұғалжар тауларынан алады. Қандыағаш та сол жерде өсті. Ақтөбеде Қандыағаш қаласы да бар. Оның да тарихы осы ағашқа байланысты болуы керек. Мұндай ағаш биоиндикатор болып есептеледі. Ақтөбеде қандыағаш өсетін жер бар екенін естігенде бірден барып, аумақты әріптестеріммен бірге қарап шықтым. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтың құжаты жасалып, үш учаскеге бөлінді.

– Ақтөбеде жойылып кету қаупі төніп тұрған табиғи аумақ көп пе?

– Қазіргі кезде біз оны нақты білмейміз. Өйткені ерекше қорғалатын жерлердің толық тізімі жоқ. Ол үшін алдымен түгендеу жұмыстары жүруі тиіс. Кеңес үкіметі кезінде зерттеу жұмысы жүргізіліп, құжаты тарихи-өлкетану музейіне тапсырылды. Қазір уақыт өтті, бірақ не қалғанын білмейміз. Жер игеру жұмыстары ауыл шаруашылығында да, өндірісті де қарқынды жүрді. Осы аралықта көп нәрсе өзгерді. Ауылдың адамдары да қай жерде не өсіп тұрғанын біле бермейді. Осы олқылықтың орнын толтыру керек.

Ақтөбенің ең алғашқы символы не? Иә, қызғалдақ. Қазір ол да жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр. Қызғалдақ өскен жер құнарлы деген сөз. Сол жерде табиғи өнім алынады. Дәрігерлер «жасырын аштық» туралы айтады. Себебі адамдар тамақ ішкенімен сіңімді, пайдалы емес.

Ақтөбелік эколог ғалым қандыағаш алқабын сақтап қалу жобасын ұсынды
Фото: Алтынай Сағындықова

– Ақтөбеде тағы не бар?

– Таяуда Ойылдың Ақшатау борлы тауын сақтау жобасын жасап, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына ұсындық. Мұндағы борды құрылыс жұмыстарына қолданып жатыр. Бірақ табиғатты да қорғауды ұмытпауымыз керек. Мұны жергілікті ерекше қорғауға жататын аймақ деп рәсімдесе де болады. Оған қажетті құжатты, ғылыми негізді қолына дайындап беріп отырмыз. Ұсынысты облыстық мәлихат қолдаса болғаны, қорғауға алынады. Қазір бұл жұмысты Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті экология кафедрасының қызметкерлері атқарып отыр.

– Мәселен қандыағаш ерекше аймағын сақтап қалсақ... Ол не береді?

– Су. Ол суды тамырымен ұстап тұрады. Егер жер бетінде түк болмаса, шөп не ағаш.... Су тереңдей береді. Ағаш кесілсе, бұлақ тартылады. Табиғатта бәрі бір-біріне байлаулы екенін ұмытпауымыз керек. Қандыағаш баптақты жерде өседі. Оны қалаға әкеліп, өсіру қиын. Алдымен су, құнарлы топырақ керек. Табиғи жолмен көбейеді ғой. Сақтау, қорғалуы тиіс өсімдіктер тізімі жасалып, қор жұмыс істесе дейміз. Бұл – экотуризмді дамытуға болатын жоба. Қаржыландырып, жергілікті жерде сақтай алсақ, өте керемет болар еді. Мәселен қызғалдақтың қанша түрі бар екенін де білмейміз.

Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Сарат ауылы Ресеймен шекаралас орналасқан. Сол жерде қызғалдақ алқабы жатыр. Өте сирек кездеседі. Ауданы 80 гектар болады. Күлтесі бөлек, түсі ерек. Себебі жері өзге. Ақтөбе облысындағы қызғалдақ картасы жасалса ғой... Ол өте қызық жоба әрі туристер барар еді. Фестиваль де ұйымдастырып, шетелдіктерді шақыруға болады. Қараңдар, біздің байтақ жеріміз... Мақтан тұтар байлығымыз осы. Әзірге айтамыз, бірақ құлақ асып жатқан ешкім жоқ.

Соңғы жаңалықтар