Ақтөбенің бас даңғылында көлікті теріс айдаған жүргізуші айыппұл төлейді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласы Әбілқайыр хан даңғылында қарсы бағытқа шығып, көлікті кері айдаған жүргізуші анықталды. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің үш бабы бойынша 5 хаттама толтырылды.

Ақтөбе облыстық Полиция департаменті әлеуметтік желіге мониторинг жасады. Онда Ақтөбе қаласы Әбілқайыр хан даңғылы бойында жол ережесін бұзған жүргізушіні анықтады.
- Toyota автокөлігінің жүргізушісі кортежде жүріп, өз бағытынан кері қарай қозғалған. Патрульдік полиция қызметкерлері құқық бұзушыны анықтап, оған бірнеше әкімшілік хаттама толтырды. Автокөлік арнайы автотұраққа қойылды. Көлік жүргізушісіне түсіндірілді, - деді Ақтөбе қаласы ПБ ППБ-ның Взвод командирі Құдайберген Жиеналиев.
Айта кетейік, жүргізуші Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 590 бабы 2 бөлігі (Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу), 595 бабы 2 бөлігі (Маневр жасау қағидаларын бұзу) және 230 баптың 2 бөлігімен (Қазақстан Республикасының мiндеттi сақтандыру туралы заңнамасын бұзу) әкімшілік жауапқа тартылды. Оған бір күнде 5 хаттама толтырылған. Бір хаттама бойынша ескерту берілсе, төртеуі бойынша 137 620 теңге айыппұл салынды. Жүргізуші апта ішінде айыппұлын төлесе, сома екі есе қысқарады.
Еске салсақ, Әйтеке би аудандық ауыл шаруашылығы жер қатынастары бөлімінің басшысы Ақылбек Исатаев мас күйінде көлік жүргізіп, 15 тәулікке қамалды.