Ақтөбенің орталық саябағында 15 жастағы қызды ұрып-соққан күдіктілер ұсталды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбедегі орталық саябақта мектеп оқушысын ұрып-соққандарды полиция анықтады. 

Ақтөбенің орталық саябағында 15 жастағы қызды ұрып-соққан күдіктілер ұсталды
Фото: polisia.kz

Соққының астында қалған қыз қазіргі кезде ауруханада жатыр. 

Ақтөбелік тұрғын әлеуметтік желі арқылы оқиғаның 3 тамыз күні сағат 18:15 шамасында болғанын хабарлады. Ол қала орталығындағы саябақтың Тутұғыр маңында үш қыз оның баласын ұрып-соққанын айтып, көрген-білген адамдарды іздеді. Себебі сол соққыдан соң қызы ауруханаға түскен. Дәрігерлер оның бетіндегі жарасын тіккен. 

– Әлеуметтік желі арқылы хабарлама беріп, көрген-білген адамдардан видеоайғақ тапқым келді. Қызым құрбысымен бірген болған. Біз полицияға да арыз түсірдік. Қазір тергеу жүріп жатыр әрі полицияның жұмысына араласқым келмеген соң аты-жөнімді жасырын ұстаймын. Сол кезде олар қызымның телефонын тартып алған. Бір әйел араласып, көмектесіп, оны қайтарып берген. Оған алғыс айтамын, - деді қала тұрғыны. 

Қазіргі кезде бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. 

– Сол жерде болғандардың кім екені анықталып, олар полиция бөліміне жеткізілді. Бала тәрбиесіне салғырт қарағаны үшін кәмелетке толмағандардың ата-аналары да жауапқа тартылады. Заңға қайшы кез келген іс жазасыз қалмайды. Ата-аналар да балалары жасаған құқықбұзушылыққа жауапты екенін ескерген жөн, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі. 

Еске салсақ, Балқаш қаласының тұрғыны кішкентай ұлын ересек адам азаптағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, 8 жастағы баланы ер адам аяусыз соққыға жыққан, саусақтарын сындырған және денесін күйдірген. 

Соңғы жаңалықтар