Ақтөбенің Ойыл ауданында төтенше жағдай жарияланды

Төтенше жағдай жарияланды
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысы Ойыл ауданында бүгін төтенше жағдай жарияланды. Мұнда Екпетал ауылын су басты. Бірнеше ауылда жарық жоқ. 

Ақтөбе облысы Ойыл ауданында да тасқын қаупі күшейді. Аудан әкімі Асқар Қазыбаев тұрғындарды қауіпсіз жерге көшуді сұрап отыр.

- Көктемгі су тасқыны ауданға үлкен қиыншылық туғызып отыр. Осыған байланысты аудан бойынша бүгіннен бастап жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды. Қазіргі кезде Екпетал ауылын толық су басты. Қаратал, Қарасу, Амангелді, Қарасу, Көптоғай ауылдарына үлкен қауіп төндіруде. Сондықтан барлық аталған елдімекен тұрғындарынан қауіпсіз аймаққа шығуларыңызды сұраймыз. Ең бастысы - адам өмірі. Қазіргі уақытта Берсиев, Саралжын, Қайыңды, Ойыл ауылдық округтерінде электр жарығы жоқ. Сонымен қатар ауданаралық жол қатынасы үзілді, - деді Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев. 

Еске салсақ, кеше Ақтөбе қаласы, Қобда, Мұғалжар, Темір аудандарында төтенше жағдай жарияланды.

Соңғы жаңалықтар