Ақтоты Райымқұлова Astana Marathon туралы: «Қола» мәртебесі бар ТМД-дағы жалғыз марафон

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Astana Marathon-ға қатысты. Бұл жайында министр Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Бүгінгі жексенбінің таңын халықаралық Astana Marathon-ға қатысудан бастадым. Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған дәстүрлі желаяқтар жарысының ашылуында сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледім. Марафон кезінде пандемияға қарамастан барлық карантин талабы сақталып, жылдағыдай жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Биыл 5100 қатысушы World Athletics ұйымы тарапынан берілген «қола» мәртебесі бар марафонда кім мықтыны анықтады. Айта кетейін, Astana Marathon ТМД аумағында дәл осындай статусқа ие болған алғашқы, әрі жалғыз марафон саналады», - деп атап өтеді министр.

Оның атап өтуінше, қазақстандық марафоншыларды қалыптастыруды, елорда мен еліміздің имиджін ілгерілетуді мақсат еткен ауқымды жоба алғаш өткізілген 2009 жылдан бері еліміздегі түрлі қайырымдылық қорлар үшін 37,125,458.00 теңге жинаған.

«Осынау игі жоба сәтті жалғаса беруіне тілектеспін. Жалпы Astana Marathon-ға қатысушылар, қызығушылар қатары жылдан-жылға артып келе жатқаны қуантады. Әуесқойлар үшін Бостон марафонына қатысуға, кәсіпқойлар үшін Олимпиада жолдамасын иеленуге мүмкіндік беретін «Астана марафон» бүгінде ерлер мен әйелдер санатында ресми түрде Орта Азиядағы ең жылдам жарыс атанып отыр. Бұл да ұйымдастырушылардың табысты жұмысының бір жемісі екені белгілі», - деді Ақтоты Райымқұлова.

Еске салсақ, бұған дейін «Astana Marathon 2021» спорттық шарасы басталғаны және оған Швециядан келген азамат қатысқаны туралы хабарладық.



Соңғы жаңалықтар