Ақылы негізде оқитын озат студенттерге мемлекеттік грант тағайындау арқылы мемлекет әлеуметтік мәні зор шешім қабылдады

АСТАНА. Ақпанның 17-сі. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Қандай қиындықтар болса да, мемлекет өзінің әлеуметтік бағдарынан ауытқымайтынын тағы бір рет дәлелдеді. Ел үкіметі бүгін тағы бір әлеуметтік мәні аса зор шешім қабылдап, қаржы дағдарысының салдарынан оқу ақыларын төлей алмай жүрген мыңдаған студенттердің көкірегіне үміт отын жақты. Үкімет оқуын үздік оқып жатқан ақылы бөлімдегі студенттерге қосымша мемлекеттік грант бөлетін болды.
None
None
Жалпы, Қазақстан ел жастарына жоғары сапалы білім беру ісін стратегиялық мақсат етіп, бұл бағытта маңызды қадамдарды жүйелі жасап келеді. Мәселен, 2005 жылы жоғары оқу орындарының студенттері мен орта кәсіптік білім беру ұйымдары оқушыларының шәкіртақылары екі есеге ұлғайып, мемлекеттік білім беру кредиттері бойынша оқитын студентер түгел мемлекеттік білім беру гранттарына ауыстырылды. Үш мың студентке «Болашақ» бағдарламасының аясында әлемнің жетекші оқу орындарында білім алулары үшін мемлекет тарапынан жағдай жасалды. Сонымен бірге биылғы жылы шәкіртақының тағы 25 пайызға артуы білімді жастардың санын арттырып, білім сапасын жақсартуға жәрдемдесетіні сөзсіз. Ал енді қазіргі кезде атқарылып жатқан шараларға тоқталатын болсақ, ақпанның 12-інде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесі Бюросының кеңейтілген отырысында Үкіметке Қазақстанның жоғары оқу орындарында ақылы негізде оқитын студенттерді қолдау мақсатында үшінші курстан бастап оқу озаттарына қосымша мемлекеттік білім беру гранттарын бөлуді тапсырғаны баршамызға мәлім. «Қазір біздің студенттер күрделі жағдайға тап болып отыр. Мемлекет мұндайда жастарға қолдау көрсетуі тиіс. Сондықтан мен Үкіметке еліміздің жоғары оқу орындарында ақылы негізде оқитын студенттерді қолдау мақсатында үшінші курстан бастап оқу озаттарына арналған қосымша мемлекеттік білім беру гранттарын бөлуді тапсырамын», деді өз сөзінде Мемлекет басшысы. Елбасы сонда 10 мыңнан астам студент мемлекеттің осы қолдауын пайдаланып, өз оқуларын жалғастыра алатынын атап көрсетті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Үкіметке жетім, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларынан шыққан, ақылы негізде оқитын үлгерімі жақсы және өте жақсы студенттер үшін техникалық және медициналық мамандықтар бойынша бірінші курстан бастап ұзақ мерзімді жеңілдетілген несие бөлу мәселесін пысықтауды да тапсырды. Елімізде мұндай 40 мыңға жуық студент бар. «Менің ойымша, бұл біздің жастар мен олардың ата-аналарына көрсететін нақты көмек болады. Бұл жұмысты «Нұр Отан» партиясы мен партияның Жастар қанаты арқылы жүргізу қажет», деді Н. Назарбаев. Елбасының тапсырмасынан кейін араға 5 күн салып, әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында ақылы бөлімде оқитын студенттерге қолдау көрсету мақсатында Үкімет тиісті Қаулыларды қабылдап та үлгерді. Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтың айтуынша, наурыздың 1-інен бастап студенттерге қосымша білім беру гранттары мен ұзақ мерзімді жеңілдікті несие тағайындалатын болады. Еліміздегі жоғары оқу орындарындағы студенттерді қолдау үшін жалпы сомасы 120 миллион АҚШ доллары көлемінде қосымша қаражат қарастырылып отыр. «Студенттерге қосымша гранттар мен жеңілдікті несиелер бөлу әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында жасалып отырған үлкен қамқорлық деп түсінеміз. Қосымша білім гранттары мемлекеттік және жекеменшік жоғары оқу орындарындағы үшінші және одан жоғары курстардағы жастарға беріледі. Бұл гранттар озат оқитын 12 мыңға жуық студентке тағайындалады. Осы шараларға 3 миллиард теңгеден астам немесе 20 миллион АҚШ доллары шамасында қаржы қарастырылып отыр», дейді Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев. Мұнымен қоса, аталған ұзақ мерзімді жеңілдікті несие техникалық және медициналық мамандықтардағы барлық курстардың студенттеріне тағайындалмақ. Атап айтқанда, жеңілдікті несие алуға үміткер студенттер оқу үлгерімі жақсы, әлеуметтік жағдайы нашар, яғни мүгедек студенттер, көп балалы отбасылардың, жетім, ата-аналары мүгедек немесе зейнеткер болып табылатын отбасылардың қатарынан іріктелінеді. Бұл мақсатқа «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры 15 млрд. теңге немесе 100 миллион АҚШ долларын бөлуді көздеп отыр. Осы орайда, қор басшысы Қайрат Келімбетов «Самұрық-Қазына» қоры мен Білім және ғылым министрлігі бірлесіп, жеңілдікті несие арқылы студенттерді өзара қолдау жөніндегі келісімнің жобасын әзірлегенін де атап өтті. «Жұртшылық тарапынан жеңілдікті несие неліктен тек техникалық және медициналық мамандықтарға ғана бөлініп жатыр деген сауалдар туындап отыр. Осы орайда айтарым, бұл салалар бойынша бүгінде мамандар жетіспейді. Ал педагогикалық мамандықтарға тоқталсақ, өткен жылы бұл салада мамандарға деген қажеттілік 2 мың 300 адамды құрады. Сәйкесінше, 2008 жылы Қазақстандағы жоғары оқу орындарын педагогика мамандығы бойынша 22 мың 500 адам тәмамдады. Демек, бұлар жұмыспен тегіс қамтылған жоқ. Сондықтан қазіргі кезде педагогикалық кадрлардың жеткілікті екенін ескере отырып, жеңілдікті несиені техникалық, медициналық мамандықтарға тағайындауды шештік», - деді Ж. Түймебаев. Жалпы несиенің пайыздық үстемесі жылына 9 пайызды құрамақ және ол 20 жылға беріледі. Несиені студент оқуды аяқтағаннан кейін қайтара бастайды. Демек, ақпан айының соңына дейін тиісті жұмыстар атқарылғаннан кейін студенттерге қосымша білім беру гранттары мен ұзақ мерзімді жеңілдікті несие желілері ашылады. Осыған байланысты бүгін өткен Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі мен «Самұрық-Қазына» қорының басшысы наурыздың 1-інен бастап, аталған екі шешімнің аясында студенттердің өтінім жасай алатындығына сендіріп отыр. Білім және ғылым министрлігі баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, бүгінде елімізде 633 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Күндізгі бөлімде оқып жүрген 331 мыңға тарта студенттің 206 мың 700-і ақылы негізде білім алады. Олардың 16 мың 166-сы - оқу озаттары.
Соңғы жаңалықтар