Ақын Т. Тұяқбайдың «Сүймегендер сағынбайды» атты шығармашылық кеші өтті
Елорда әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалының ұйымдастыруымен өткен бұл өнер кеші ақынның 60 жасқа толу құрметіне арналды.
Т. Тұяқбай «Жалын» журналы мен баспасында, одан кейін Сыртқы істер, Мәдениет және ақпарат министрліктерінде, Премьер-министр Кеңсесінде және Президент Әкімшілігінде қызмет атқарып, өмір мектебінен өткен. Ақын бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының Редакциялау және аударма бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарады.
Жыр кешін жүргізген танымал ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалының директоры Несіпбек Айтұлы қой жылы той жылы болып, Төрегелді ақынның тойымен басталып отырғанын айтып өтті. «Тұрпаты ерекше, тағдыры мен тынысы бөлек ақын Төрегелді Тұяқбай 1970 жылдары қазақ поэзиясына келген жас өкілдердің бірі болды. Сол жылдары «Кісі киік» поэмасын жазды, ол туындысы республикалық байқауда бас жүлде алды. Сол кезде әдебиет әлеміне өрелі өлеңімен өзіне жалт қаратқан ақын келгенін білдік»,- деді Несіпбек Айтұлы.
Келесі кезекте Парламент Мәжілісі Аппаратының Редакциялау және аударма бөлімінің меңгерушісі Дәуітәлі Омашұлы сөз алып, ақынға ізгі тілегін жеткізді.
Мерейтой иесіне Қазақстан Жазушылар одағының құттықтауы және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының алғысы табыс етілді. Сондай-ақ «Мәдениет саласының үздігі» белгісімен марапатталды.
Өнер университетінің және мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының әртістері ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып берді, сондай-ақ ақынның сөзіне жазылған әндерді шырқады.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов сөздің мәнін, сымбат-сәнін, орамын, ретін қиюластырып келтіру, тігісін жатқызу, өрелі ой-пікірлермен тұздықтау, оқырманның зерде, сана айнасында терең із қалдыру ақын Төрегелдінің сүйікті мәнері екенін айтып өтті. Тіл зергері, белгілі ғалым: «Ақын «масат» ұғымын өзіндік жұмбақ ойларымен түрлендіреді. Әр дыбысқа мағына арқалатады: Мәтін - Адым - Саз-күйі - Айта білу - Тыңдай білу. Өлең сөздің басты сипаттары, негізгі шарттары - осылар. «Сөз биі» тіркесімі соны. Сөз - билік - кесім, үкім айтудың кепілі. Ұлт тарихындағы көсем де данагөй би-шешендердің пәрменді, жалынды сөздері ұлтты ұйыстырды. Сөзде кие болды. Әділетке, ұжданға, даналыққа, көркемдікке малынған сүйек балқытарлық киелі сөздің иесі би болды, биде билік болды, елде береке болды. «Сөз биінде дес бермей күшті ағысқа, кертолғаулы қайыру - қысқа-нұсқа» деуінде телегей сыр бар.»- деп ой толғады.
Мерейтой иесінің өнер жолындағы досы, танымал ақын Әділғазы Қайырбек осы кеште Төрегелді Тұяқбайға арнаған өлеңін оқып берді.
Сондай-ақ осы күні Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің бағдарламасы бойынша Астана қаласындағы «Фолиант» баспасынан шыққан ақын Төрегелді Тұяқбайдың «Төрт тоғыс: Сөз биі кітабы» атты жаңа кітабының таныстырылымы өтті.