«Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты табиғатты қорғау акциясы аясында дүниежүзілік «Парктер шеруін» өткізді
Фотокөрменің ашылу салтанатына аталған қорық пен мұражай қызметкерлері және Атырау қаласының оқушылар орталығының шәкірттері мен мұғалімдері қатынасты. Мұражай басшысының орынбасары Төлеген Орынбасарұлы, экологиялық ағарту және туризм бөлімінің маманы Балымгүл Ізмұханова «Парктер шеруі» жөнінде мәлімет берді. Айтуларынша, мұндай акция 1996 жылдан бері өткізіліп келеді. Бұл - табиғатқа деген қамқорлықтың мерекесі. Ал, 2009 жылдан бері аталмыш акцияға барлық селолық округ әкімшіліктерінің мамандары мен экологтары да атсалысып келеді. Шеру жыл сайын Қазақстанның барлық аумақтарында және мемлекеттік қорықтар мен саябақтарда ұйымдастырылады. Ондағы мақсат - жастарды табиғатты аялауға, айналаны таза ұстауға тәрбиелеу, туған өлкені жасыл желекпен көмкеруге тұрғындарды шақыру.
Сондай-ақ «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты «Парктер шеруі - 2016» акциясын қорытындылады. Екі айға созылған шара аясында қоршаған ортаны қорғауға қатысты тұрғындар арасында үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді.
Алдымен резерват бекеттерінде өрт оқиғаларының алдын алу шаралары көрсетілді. Қорық аумақтарында тазалық сенбіліктері ұйымдастырылып, көшеттер отырғызылды. Аграрлы-техникалық колледжінің студенттері оқу орнының ауласында экологиялық флешмоб өткізді. Атырау «Жас натуралистер» стансасы «Құстар - қанатты достар», ал Ғани Мұратбаев атындағы орта мектеп «Құстарды қондырып қанатыма» тақырыптарында байқау жариялады.
Резерват маманы Эльмира Телеубаеваның айтуынша, Махамбет ауданында Ақтоғай орта мектебі «Қызғалдақтар күнін» атап өтсе, Исатай ауданында Жұмабай Мырзағалиев атындағы және Аққыстау орта мектептерінің оқушылары «Табиғатты аялайық, болашақты ойлайық!» ұранымен мазмұнды шаралар ұйымдастырған. Соңында Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы сәндік өнер мұражайында «Ақжайықтың құстары» атты фотосуреттер апталығы өтті.
Бұрын тек Атырау қаласы көлемінде ғана өткізіліп келген, ал биыл тұтас аймақты қамтыған акцияға белсенді қатысқандар «Ақжайық» қорығының басшысы атынан Алғыс хаттармен марапатталды. Айта кетейік, «Парктер шеруі» елімізде 1996 жылдан, ал Атырауда 2009 жылдан бері әр көктемде ұйымдастырылып келеді.
КӨШЕТТІҢ ДЕ ҚҰЖАТЫ БОЛУЫ ТИІС
Сонымен бірге Атырау қалалық аумақтық инспекциясы өсімдіктер карантині саласында қалаға әкелінетін өсімдік тауарларын тексеріп, құжаттарын қарауда және оларға тексергендігі жөнінде акт беруде бірқатар жұмыстар атқаруда. Сонымен қатар, қаланың сауда нүктелерінде, теміржолда құжатсыз әкелінетін жүктер де тиянақты тексерістен өткізіледі. Тиісті ережені бұзған тауар иелеріне ҚР «Өсімдік карантині» заңына сәйкес айыппұл салынады.
Үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанында үш жеке тұлғаға қысқартылған ереже бойынша 63630 теңге көлемінде айыппұл салынды. Аталмыш заң талаптарына сәйкес шет елден әкелінетін өнімге фитосанитарлық сертификат, ал республикаішілік өнімнің карантиндік сертификаты болуы тиіс.
Қалалық инспекцияның негізгі мақсаты халыққа жоғары сатыдағы мемлекеттік қызмет көрсету мен қала аумағына карантиндік нысандардың еніп кетпеуін қадағалау болғандықтан былтыр облыс орталығында арамсояуға (повиликаға) қарсы агротехникалық әдіспен күрес жұмыстары жүргізілді. Ал, биылғы жылы үш гектар жерді өңдеу жоспарланып отыр. Көктемгі егіс жұмыстарын бастағанға дейін егілетін дән мен көшеттерді сатып аларда олардың құжаттарын сұрағандарыңыз дұрыс. Яғни, сертификаттары болуы керек. Құжатсыз сатқан өсімдік дақылдары карантин нысандарымен зақымдалған болуы мүмкін. Осы жағын әркім қаперде ұстап, сақ болғаны жөн.