Ақжайықта «Еділ-Жайық» әнінің 30 жылдығына орай шаралар ұйымдастырылды

ОРАЛ. 28 қараша. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО-ның Ақжайық ауданында «Еділ-Жайық» әнінің 30 жылдығына орай шаралар ұйымдастырылды.
None
None

Ауданның Тайпақ пен Чапаев ауылдарында «Мен қазақпын!» деп жаһанға жар салған ақиық ақын Жұбанның жүрегін жарып шыққан осы өлеңіне өшпес ән жазған, әлемдік музыкаға сүбелі үлесін қосушы Илья Жақановпен кездесулер өтті. Шара ел мен елді жалғаған күрежолдың бойында, өңірдің Атыраумен дәл шекарасында «Еділ-Жайықтың» айтулы датасына орай баннер ашумен басталды.

-«Еділ-Жайықтың» отыз жылдығы - бұл Жұбан қадыр-қасиетін асқақтату, сол арқылы елдік рухымызды көтеру. Тайпақтағы балабақшада «Ағады Жайық, ағадыны» айтып, балапандай шүпірлеген сәбилер емес пе өмірдің салтанаты деген. Қараңдаршы, жан-жағымыздан Жұбағаңдардың жырының, арманының, халық жасампаздығының лебі еседі. Анау саябақтар, қазыналы мұражай, заманауи жабдықтары жарқыраған емханалар, талай жайсаңдар ат басын тіреп, төріне шыққан аудан орталығындағы мына «Мерей» мәдени-демалыс орталығы - маңдайдағы бағымыз, қолдағы несібеміз. Бүгінгі жүздесулердің өзінен ұлы бірлікті сезініп, бір жасап отырмын, деді жүздесуде композитор.

И.Жақанов биыл өзі тыныс-тірлігімен танысқан Бөкей ордасы, Қазталов, Жаңақала және Ақжайық аудандары басшыларының елдің мерейін асырар қызметтеріне ризашылығын айтты.

Тоғыз варианты жазылып, жан-жүректі ұзақ толқытып, толғатып, санада шыңдалып, ақыры 1981 жылдың күзінде үш-төрт минөтте дүниеге келген «Еділ-Жайық» жайында сазгерге Жұбағаң «Бұл ән сенің бүкіл өміріңнің паспорты»,-деп қандай дәл айтқан. Халыққа құлай берілген махаббаттан «Ағады Жайық, ағады» (сөзі өзінікі), «Оралдың ерке самалы» (сөзі Ақұштап Бақтыгерееванікі) атты сұлу әндер де өмірге келді. Залдан сұрақтарға орай дарабоз соның бәрін әрлі әңгімеледі. Адам бақытына байланысты сұрақтарға жауабында «жар сүю, бала сүю - бақыт. Өнер адамына әр шығармасы туған күн - бақыт. Шығарманы халық сүйсе - сол бақыт», - деп түйіндеді.

Кеш соңында И.Жақанов өзі соңғы кезде салған суреттердің үлкен тобының көшірмесін мұражайға сыйлады.

Соңғы жаңалықтар