«Ақжайықтың асыл арулары» атты жаңа кітап жарық көрді

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында басылып шыққан кітапқа Батыс Қазақстаннан түлеп ұшқан Алматыдағы «КАТЭК» ЖШС президенті Құндыз Нұпов демеуші болса, Қадыр Мырза Әлі атындағы қоғамдық қор (төрағасы Донеділ Қажымов) жауапты редакторлық етті.
Қыз Жібектей арудан бастау алған анықтамалық Әбілқайыр ханның зайыбы, шебер дипломат Бопай, Бөкей ханның екінші әйелі Отан ханыммен жалғасады. Жиырмасыншы ғасыр басында өмір сүрген қазақтың белгілі қоғам қайраткерлері Мәдина Бегалиева мен Алма Оразбаева туралы мәліметтер де бар.
Күй анасы Дина Нұрпейісованың қазақ өнеріндегі орны тіптен айрықша. Дәулескер күйші ғажап күйлерімен, орындаушылық қабілетімен талайды тамсандырды. Жасы ұлғайған шағында 1939 жылы Мәскеуде өткен халық аспаптары орындаушыларының бүкілодақтық байқауына қатысты.
Ұлы Отан соғысында өшпес ерлік өнегесін көрсеткен Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова мен Халық Қаһарманы Хиуаз Доспановаға осы кітаптан орын тиген. Атақты «Жетім қыз» дастанының авторы Алмажан Азаматқызы, ақын Ақұштап Бақтыгереева, КСРО халық әртісі Хадиша Бөкеева, КСРО халық әртісі, опера әншісі Роза Жаманова, қазақ киносының «Қыз Жібегі» Меруерт Өтекешовалар - ұлттық өнерді әлемдік деңгейге көтерген тума таланттар.
Кітапта осы және басқа да аяулы жандар туралы мол мағлұмат берілген.