«Ақжайықтың» бас бапкері елуге толды, бүгін кезекті ойын

Осының алдында Ақтөбеде тағы бір мықты команда «Ақтөбені» жеңіп кеткен оралдықтар бұл ойынға да тастүйін дайындықпен шықпақ. Оның үстіне 2 қазан күні «Ақжайықтың» бас бапкері Йозеф Шкирлик 50-ге толып, оны клуб кеңінен атап өтті.
«Ақжайық» футбол клубынан түскен мәліметке қарағанда, Й.Шкирликті БҚО туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Мүсілім Оңдағанов құттықтап, алғысхат табыс етті. Қазақ халқының дәстүрі бойынша бапкердің иығына шапан жабылып, Жайық өзені бейнеленген картина сыйға тартылды. «Мен бір жыл ішінде қазақ елінің қонақжайлығына қанықтым. Оралда маған бәрі ұнайды, келісімшартты созуға да қарсы емеспін. Шапанды да сыйлы адамдарға береді екен. Бұл мен үшін ерекше құрмет болды», деді Й.Шкирлик.
Салтанатты рәсімнен кейін «Ақжайық» футбол клубының стадионында БҚО ардагерлері мен туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы қызметкерлері арасында жолдастық кездесу өткізілді.
Кеше «Ақжайық» пен «Ертіс» клубтарының қосалқы құрамдары арасындағы ойын 2:2 есебімен тең аяқталды.