Әлі де әділетті, ашық сотқа сенемін – Руслан Берденов

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Руслан Берденов атыс оқиғасына қатысты сот процесі мен қоғамдық пікірге байланысты арнайы мәлімдеме жасады.

Я возвращаюсь к жизни — Руслан Берденов сделал первое заявление после покушения
Фото: instagram.com/ruslan_berdenov

Ол қазіргі уақытта денсаулығына байланысты сот отырыстарына тікелей қатыса алмаса да, процестің барысын мұқият бақылап отырғанын жеткізді.

- Қазіргі уақытта денсаулығыма және бес оқ жарақатынан кейінгі оңалту кезеңінен өтіп жатқаныма байланысты сот отырыстарына жеке қатысуыма мүмкіндік жоқ. Алайда, сот процесін және оған қатысты ақпараттық кеңістіктегі ахуалды мұқият бақылап отырмын. Сотта жауапкер Жиембай тарапынан айтылып жатқан мәлімдемелерге үнсіз қалу мүмкін емес. Бұл тек қана шантаж және қысым көрсету әрекеті. Соңғы рет мен оны сол күні, дәл өзі аңшы мылтығынан атып кеткен кеште көрдім. Одан кейін бізде ешқандай байланыс болған жоқ, - деп жазды әлеуметтік желіде.

Берденовтың айтуынша, айыпталушы тарапынан айтылып жатқан бірқатар мәлімдемелер шындыққа жанаспайды және бұл – тек қысым көрсету, шантаж әрекеті.

- Кейінірек ол өкілдерімен бірге менің қорғаушыларыммен байланыс орнатуға тырысып, «достасуды» ұсынды. Кешірім берілсе, шу көтермейміз деді, ал бас тартқан жағдайда «ақпараттық жарылыс» жасаймыз деп сес көрсетті. Тіпті, айыпталушының әкесі өзін-өзі өртейді деген мәлімдеме жасалатынын айтты. Мұны мен тікелей қысым деп бағалаймын. Мен қандай да бір қысым мен арандатуға жол бермедім. Бастапқы ұстанымым өзгерген жоқ. Қақтығыстың түп-төркіні - кәсіби, қызметтік сипатта. Жауапкер келісім аясындағы жұмысын адал атқарғысы келмеді, есеп беруден жалтарды. Мен тек ашықтық пен міндеттемелердің орындалуын талап еттім, - деді ол.

Сондай-ақ қақтығыстың себебі тұрмыстық немесе жеке сипатта емес екенін, бұл кәсіби және қызметтік қатынастармен байланысты екенін атап өтті.

- Қоғам назарын «қызғаныш», «жеке қатынас», «жұбайы» секілді жалған себептерге бұру - манипуляция, шындықтан алыстату. Мен оның жұбайын да, отбасын да танымаймын. Ол мен үшін тек мердігер болатын. Бұдан да сорақысы – бүгінде бұл жалған мәлімдемелерге қала әкіміне қатысты тұстарды да қосып жатыр. Бұл тағы да істің ақиқатқа емес, қысым көрсету мен беделге нұқсан келтіруге бағытталған өрескел манипуляция екенін дәлелдейді. Мен мұндай мәлімдемелерді үзілді-кесілді жоққа шығарамын және оларды мойындамаймын. Менің ұстанымым - өзгермейді. Депутаттық өкілет мерзімі аяқталған соң да, мемлекетке адал қызмет ету жолынан тайған жоқпын. Соңғы үш жылымды осы жолға арнадым. Қала әкімінің шақыруымен әкімдікке келіп, ашық, адал жұмыс істеуге, халыққа шынайы көмек көрсетуге күш салдым, - деп жазды Руслан Берденов.

Берденов өзінің әкімдіктегі қызметі мен қоғам алдындағы жауапкершілігі туралы да ойын білдірді.

- Мен сайлауға барып, елімді жақсартқым келді. Менің артымда елімізге, өзгерістерге сенетін жастар тұр. Бұл - үлкен жауапкершілік, мен оны сезінемін. Әкімдіктегі жұмысым да осы сенімді ақтауға бағытталған. Маған қарсы айтылған жала, жапқан жалған айыптар мені жолымнан тайдырмайды. Әлі де әділетті, ашық сотқа сенемін. Бүгінде денемде аңшы мылтығының 60-тан көп қорғасын оқтары әлі де бар. Бұл құжатпен расталған факт. Соттағы жоқтығымды, үнсіздігімді өздеріне тиімді жағына бұрып, қоғамдық пікірмен ойнағысы келетіндер бар. Бірақ үнсіздік келісім деген сөз емес. Мен әділетті сотты күтіп отырмын, - деді ол.

Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкенттегі мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотта қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша басты сот процесі басталғанын жазған болатынбыз.

21 сәуірде Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалғаны мәлім болған. Ол жарақат алып, ауруханаға түсті.

Руслан Берденовтің ақпан айының соңында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған.

Соңғы жаңалықтар