Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де киберқауіпсіздік және криптология кафедрасы құрылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Бүгін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ- де 3265 оқытушы-профессор жұмыс істейді. Бұл туралы білім ордасының ректоры Жансейіт Түймебаев айтты.

ҚазМУ
Фото: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Айтуынша, Ақпараттық технологиялар факультетінде Киберқауіпсіздік және криптология кафедрасы құрылды. Оларға жасанды интеллект көмегімен қауіп-қатерді анықтау, шабуылдарды болжау және зиянды бағдарламалардан қорғау курстары оқытылады.

– «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында университет Қытай жоғары оқу орындарымен қарым-қатынасты тереңдетуде.Қазіргі таңда ҚазҰУ мен Қытайдың 65 жоғары оқу орны тығыз байланыс орнатты. Олардың арасында Пекин университеті, Бейжің шет тілдер университеті, Шанхай шет тілдер университеті бар. Сондай-ақ Қытай ғылым академиясының Шыңжаң экология және география институты, Сиань Цзяотун және Солтүстік-батыс политехникалық университетімен ынтымақтастық жоғары деңгейде,– деді Жансейіт Түймебаев.

Сондай-ақ ол қазіргі сәтте университетте 3265 оқытушы-профессор табысты еңбек етіп жатқанын жеткізді.

– Оның ішінде 24 академик, 623 ғылым докторы, 712 ғылым кандидаты, 582 PhD жұмыс істейді.Университет жоғары рейтингті журналдарда жарияланған ғылыми мақалалар саны бойынша алдыңғы қатарда тұр. 2024 жылы Scopus-та жарияланған әр алтыншы мақала (17,4 пайызы) ҚазҰУ ғалымдарына тиесілі. «Жас ғалым» гранттық қаржыландыру жобасына 90-нан астам адам қатысып жатыр. «Үздік оқытушы» атағын 2024 жылы алған 150 адамның 24%-ы – ҚазҰУ өкілдері. «Болашақ» бағдарламасының «500 ғалым» жобасы аясында әр оныншы жеңімпаз – ҚазҰУ оқытушысы,– деп атап өтті ректор.

Еске салайық, әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетіне 90 жыл толды.

Соңғы жаңалықтар