Al Jazeera – Президент Телерадиокешенінің жаңа серіктесі

қатар
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

ДОХА.KAZINFORM – Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қатарға мемлекеттік сапары аясында Президент Телерадиокешені Қатар медиа саласының көшбасшыларымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.

Al Jazeera және «Qatar News Agency» ақпарат агенттігі Президент телерадиокешенінің серіктестері болды.

Арабтың медиа кеңістігінде танымал көшбасшы және әлемдік беделді БАҚ-тың бірі «Al Jazeera» халықаралық телеарнасымен және «Qatar News Agency» агенттігімен ынтымақтастық кәсіби тәжірибе алмасуға және жаһандық ақпарат кеңістігінде Қазақстан туралы ақпарат көлемінің өсуіне ықпал етеді.

ТРК-ның катарлық әріптестерімен бірлескен жобалары оқырмандар мен телекөрермендерге біздің елдеріміз туралы көбірек білуге мүмкіндік беретін, сондай-ақ тілшілерді Қазақстан медиа саласының беталыстары мен трендтеріне сәйкес дайындауды қамтамасыз ететін білім беру және ақпараттық салаларға бағытталған.

Президент ТРК директоры Раушан Қажыбаеваның айтуынша, «тараптар бірқатар бірлескен жобаларды, соның ішінде «Al Jazeera-мен апталық» өткізуді жоспарлаған, оның аясында Астана қаласындағы Maqsut Narikbayev University халықаралық журналистика мектебінің 100-ден астам студенті үшін бір апталық тренинг өтеді.

қатар
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

2024 жылғы 14 ақпанда ҚР Президентінің Телерадиокешенінің делегациясының Al Jazeera Media Network атқарушы директоры Рамзан Алноими мен Al Jazeera Media Institute директорының орынбасары Монтасер Мараймен кездесуі өтті. «Al Jazeera-мен апталық» жобасы Al Jazeera Media Institute желісі арқылы үйлестіріледі.

Меморандумдарға қол қою екі ел арасындағы ынтымақтастық рухына сәйкес келетін кең ауқымды екіжақты өзара іс-қимылға жол ашып, Қазақстан мен Қатар БАҚ арасындағы кәсіби диалогты нығайтуға көмектеседі.

ҚР Президентінің телерадиокешені – Қазақстандағы ең ірі медиа-компаниялардың бірі, оның құрамына: Jibek Joly, Silk Way, Silk Way Cinema телеарналары, Қазақстандағы ең көне халықаралық ақпарат агенттігі «Kazinform» және Деректі кино орталығы кіреді.

«Al Jazeera» — 1996 жылы Қатар әмірінің бұйрығымен құрылған халықаралық телекомпания. Телекомпания әлемнің көптеген елдерінде араб және ағылшын тілдерінде хабар таратады, оның 50-ден астам шетелдік бюросы бар. Деректі контент Al Jazeera Documentary телеарнасынан көрсетіледі.

Qatar News Agency — 1975 жылы құрылған мемлекттік ақпарат агенттігі. Агенттік материалдары араб, ағылшын, испан, неміс және француз тілдерінде қолжетімді.

Соңғы жаңалықтар