18:03, 27 Ақпан 2009 | GMT +5
Альянс банк наурыздың 1-інен бастап медицина және техникалық мамандықтар бойынша оқитын студенттерге жеңілдікті несие береді
АЛМАТЫ. Ақпанның 27-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда Альянс банктің басқарма төрағасының міндетін атқарушы Мақсат Қабашев пен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарушы директоры Қайрат Әйтекенов банк салымы туралы келісімге қол қойды.
Бұл студенттерді жеңілдікпен несиелендірудің мемлекеттік бағдарламасы аясында банкке 15 миллиард теңгені орналастыру жөніндегі мәміле, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Бұл бағдарламаны Елбасының «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесінің Бюросында Үкіметке берген тапсырмасы бойынша «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ, Білім және ғылым министрлігі мен Денсаулық сақтау министрліктері бірлесіп жасаған болатын. Үкімет шешімімен оған мемлекет тарапынан бөлінетін қаржыны игерушісі ретінде Альянс банкі таңдап алынды. «Ақылы бөлімде оқитын студенттер бұрын оқу ақысын ата-аналарының есебінен төлейтін. Дағдарысқа байланысты ол біршама қиындықтар тудырды. Сол себепті Үкімет тапсырмасымен біз 15 миллиард теңгенің несие желісін аштық. Министрліктер мен Қор арасындағы келісімге сәйкес ол медициналық және техникалық мамандықтарға оқитын студенттерге ғана беріледі. Оларға несие беретін банк ретінде Альянс банктің таңдап алуына банктің айтарлықтай үлкен желісі мен бөлшек несиелеудегі біршама икемді өнімдерінің болуы себеп болды», дейді Қайрат Әйтекенов. Оның айтуынша, оқу үлгерімі жақсы студенттер енді наурыздың 1-інен бастап банктің құзырлы бөліміне хабарласып жеңілдікті несие ала алады. Бұл көмек шамамен 20-23 мың студентке беріледі деп жоспарланып отыр. Ал Мақсат Қабашевтің сөзіне қарағанда, банк салымының орналастырылу мерзімі 15 жыл. Жылдық өсімі 9 пайыздан аспайтын бұл несиені 90 күннің ішінде толық игеруге олар өз тараптарынан міндеттеме алып отыр. Онда несие алушының қай курста оқып жатқаны ескерілмейді. Олардың үлгерімі оқу тарапынан расталғаннан кейін банктен берілген жеңілдігі бар несие бірден аталмыш оқу орнының есепшотына аударылмақ. Ал оның көлемі әрбір студент үшін 1 мың АҚШ доллары көлемінде болады деп белгіленіп отыр.