Альянс банкі несиегерлермен келісімге келді

Несиегерлер комитетінің құрамына Азия даму банкі, Calyon, Commerzbank Aktiengesellsсhaft, DEG Deutsche lnvestitions- und Entwicklungsgesellschaft mbH, ING Asia Private Bank Limited, NSBC Bank pls, JP Morgan Chase Bank, N.A., Sumitomo Mitsui Banking Corporation Europe Limited u Wachovia Bank N.A. еніп отыр. Бұл құжатқа қою арқылы несиегерлер комитеті банктің қарыздарын қайта құрылымдау жөніндегі ұсыныстарын бірауыздан қабылдайтындарын мәлімдеген.
Меморандумның талаптарына сәйкес, несиегерлер комитеті өз құрамындағы жоғарыда аталған тоғыз халықаралық банкке қарыздарды қайта құрылымдаудың бес түрлі бағытын ұсынған. Мәселен, бірінші бағыт - банк сыртқы қарыздардың 77,5 пайызын жеңілдікпен қайтадан сатып алады. Екінші бағыт - сыртқы қаржы институттарынан алған міндеттемелерді 50 пайыздық шегеріммен 7 жылға дейін ұзарту. Үшінші бағыт - қайтарымсыз несиені өтеу мерзімін 10 жылға дейін ұзарту. Төртінші бағыт - зейнетақы қорларының алдындағы міндеттемелерді өтеу уақытын 10-нан 13 жылға дейін созу. Ал соңғы бағыт - несие есебінен шетелдік инвесторлардың банкке акционер ретінде кіруіне мүмкіндік беріледі. Алайда, олардың үлесі 33 пайыздан артық болмайды. Яғни, қабылданған бес ұсыныстың біреуін инвесторлар өз қалауымен таңдап алады.
Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры «Альянс банкінің» 66 пайыздық акциясын сатып алуды көздеп отыр. Алайда, бұл әрекет іске асқанға дейін қаржылық құрылым шетелдік несиегерлер алдындағы қарыздарын өтеп бітуі тиіс. «Альянс банкінің» сыртқы қарызының көлемі шамамен 4 млрд. АҚШ долларын құрайды. Соның ішінен банк биыл 560 млн АҚШ долларын қайтаруы керек. Банкті қайта құрылымдау және капиталдандыруды көздейтін екіжақты меморандум ағымдағы жылы шілденің 15-інде Қаржылық бақылау агенттігіне ұсынылады.
«Біз мұндай шешімді қабылдағанда бірнеше принциптерге арқа сүйедік: біз инвесторлармен ашық та әділ диалог өткізуді ұстандық, біз Қаржылық қадағалау агенттігімен және әлеуетті инвесторымыз «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-мен өзара тіл табысуды мақсат тұттық»,- деп мәлімдеді «Альянс банкі» АҚ-ның басқарма төрағасы Мақсат Қабашев. - Біз қалыпты келіссөздер процесін ұйымдастыра білдік. Атап айтатыным, қарыздарды қайта құрылымдау - өте үлкен үдеріс. Біз осыған орай, бизнес-үдерістерімізді, қызметкерлеріміздің санын, банктің инфрақұрылымын оңтайландыру арқылы көптеген іс-әрекеттерді жүзеге асырдық.
Ұлттық банктің төрағасы Григорий Марченконың айтуынша, бұл шешім отандық банк жүйесіне қатысты жүргізілген жұмыстардың нәтижелі болғанын дәлелдеді. Өйткені, бұл тәжірибені басқа қаржылық институттар да өз қажетіне жарата алады. Ал қарыздарын қайта құрылымдаудан «Альянс банкке» ешқандай да қауіп төніп тұрған жоқ.