16:59, 02 Наурыз 2009 | GMT +5
«Альянс банктің» акционерлері саяси ойынға араласпайды
АЛМАТЫ. Наурыздың 2-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Альянс банктің акционерлері Мемлекет басшысының мәлімдемесін қолдайды. Банктің Директорлар кеңесінің төрағасы Марғұлан Сейсенбаев бүгін Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында осылай айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Соңғы кезде оппозициялық БАҚ пен интернетте «Альянс банк» пен «БТА банкінің» мемлекет меншігіне айналдырылуы, лицензиясының қайтарып алынуы мен биліктің рейдерлік саясаты туралы мақалалар жиі жарияланып жүр. Олар ешбір дәлелсіз, «Альянс банк» 76 пайыз акциясын сату туралы мәлімдемесін «БТА банктің» мәжбүрлеп капиталдандыруымен байланыстырып жүр. Бұдан саяси астар іздеп, бізді саяси ойынға араластыруда», - дейді М. Сейсенбаев. Оның айтуынша, «Альянс банк» акционерлері Мемлекет басшысының мәлімдемесін қолдай отырып, осындай қауесеттерге нүкте қояды және мынадай мәлімдеме жасайды: Бірінші, "Альянс банк" өзінің 76 пайыз акциясын сату туралы мәлімдемені мемлекетке өз еркімен ұсынды. Ешкім банк акционерлеріне қысым жасаған жоқ және мәжбүрлеген жоқ. Үкіметке 76 пайыз акциясын ұсынған кезде «Альянс банкі» ешқандай заң талаптарын бұзған жоқ және лицензиясын қайтару қаупі туындаған жоқ болатын. Соңғы 3 ай ішінде «Альянс банк» депозиттерінің таза өсімі 25 миллиард теңгеден асты. Мәміле жасауға мәжбүрлеу мақсатында өз депозитін қайтарып алғандар болған жоқ. Екінші, «Альянс банкінің» акционерлері Үкімет пен Мемлекет басшысына ұсынысымызды қабылдап, қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіреді. Өйткені, экономикалық дағдарыс кезінде банк жүйесін мемлекет қана құтқара алады. Біз өз клиенттеріміздің, инвесторларымыздың және халықтың ақшасын қауіпке итере алмаймыз. Біздің басты мақсатымыз - банк акционерлерінің жеке мүддесі емес, клиенттеріміздің ақшасын сақтап қалу және қаржылық жүйені тұрақтандыру болып табылады. Үшінші, акционерлер үкіметтің «Альянс банкі» мен жалпы банк секторын тұрақтандыру бағытында атқарып жатқан іс-шараларын толығымен қолдайды. Біз үшін «Альянс банкінің» сенімді қаржы мекемесі болып қалуы және Үкіметтің Қазақстан экономикасын қаржыландырудағы белсенді агенті атануы маңызды. Төртінші, банк акционерлері республика аумағында тұрады, елден кетуді ойламайды және өз іс-әрекеттеріне жауап беруге дайын. Біз ешқандай саясатқа қатысқан емеспіз және қатыспайтынымызды мәлімдейміз. Саяси қоқан-лоқыға жол бермейміз. Біз тек заң шеңберінде жұмыс істейміз және экономикалық, адамгершілік тұрғысынан әрекет еттік. Бесіншіден, қазіргідей қиын кезеңде «Альянс банкінің» акционерлері тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлем бойынша өтіп жатқан қиыншылықтарды саяси ұпай жинауға жұмсамай, керісінше, осы дағдарыстан тезірек шығуға көмектесетін тиімді және шапшаң шараларға күш салуды ұсынады.