Алдағы уақытта елімізде 5 ПЭТ/КТ орталығы ашылмақ
АСТАНА. KAZINFORM – Аладғы уақытта елімізде 5 Позитронды-эмиссионды томография орталығын ашу жоспарланған. Бұл туралы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Ербол Бекмұхамбетов айтты.

- Онкологиялық ауруларды ерте анықтау мақсатында Қазақстан Республикасында скринингтік тексерулер бағдарламасы іске асырылып жатыр. Жоғары технологиялық диагностиканың басым бағыттарының бірі – ядролық медицинаны дамыту. Бүгінде елімізде 14 ПЭТ/КТ аппараты және 4 циклотронды-өндірістік кешені бар 10 ядролық медицина орталығы, 7 бірфотонды эмиссиялық компьютерлік томография аппараты жұмыс істейді. Алдағы жылдары жеке инвестициялар есебінен тағы 5 ПЭТ/КТ орталығын ашу, сондай-ақ тағы 1 бірфотонды эмиссиялық компьютерлік томография аппаратымен жабдықтау жоспарланып отыр, - деді Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Оның айтуынша, амбулаториялық жағдайда лютеция және самария негізіндегі терапевтік радиофармпрепараттарды пайдалану үшін нормативтік базаға өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
- Ағымдағы қажеттілік барысында, ал бұл жыл сайын 250-ден астам пациент құрайды, терапияны оқшаулау шығындарды айтарлықтай азайтады және емдеудің озық технологияларына қолжетімділікті арттырады, - деді институт басшысы.
Айта кетейік, Қазақстан азаматтары онкологиялық скринингтік зерттеулерден тегін өтеді.
Мұндай тексеріс пациенттің тіркелген жері бойынша медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында жүргізіледі.