Алакөл ауданы әкімінің резиденциясы балалар сауықтыру лагеріне айналды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Жетісу облысындағы Алакөл ауданы әкімінің бұрынғы резиденциясы 6 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға арналған жазғы сауықтыру лагері болып өзгерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
None

Енді жазғы кезеңде ерекше қажеттіліктері бар балалар Алакөл көлінің емдік суында денсаулығын нығайта алады. Маусым барысында өңірдің түкпір-түкпірінен 200-ден астам баланы қамту жоспарланған.

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев осы жылдың ақпан айында аудан тұрғындарымен кездесу барысында Ақши ауылындағы жағалауда орналасқан нысанды қайта жаңарту туралы тиісті тапсырма берді. Бастама халықтың қолдауына ие болды.


Орталықта мүгедек балалардың жеке, әлеуметтік, шығармашылық дамуы үшін қажетті жағдайлар жасау мақсатында аумақты ағымдағы жөндеу және абаттандыру жүргізілді, бассейн салынды. Орталық аумағында барлық қажетті жабдықтары бар асхана жұмыс істейді, ашық аулада балалар ойын алаңы салынды, балаларға арналған және басқа да жиһаздар сатып алынды. Қауіпсіздік мақсатында алғашқы медициналық қызмет көрсету қамтамасыз етілді, бейнебақылау камералары, өртке қарсы дабыл және өрт сөндіру құралдары орнатылды. Ғимарат пандустармен жабдықталған. Әлеуметтік нысанды қайта жаңартуға жергілікті бюджеттен барлығы 38,2 млн теңгеден астам қаражат бағытталды.


Облыс әкімі бастама жасаған бұл жоба бірегей болып табылады. Алғаш рет жартылай стационарлық медициналық-әлеуметтік мекеменің жанынан Алакөл жағалауында ерекше қажеттіліктері бар балалардың демалуына арналған орталық аштық. Бұл орталық 40 орынға есептелген. Әр баланың демалу ұзақтығы – 5 күн. Жазғы кезеңде облыс бойынша 200-ден астам баланы қамтуды жоспарлап отырмыз. Балаларды қабылдау I-ІІІ топтағы мүгедектігі бар баланың тіркелген жері бойынша дәрігердің ұсынысы немесе қорытындысы негізінде жүзеге асырылады. Орталыққа жол жүруді ұйымдастыруды заңды өкіл немесе еріп жүретін адам тұрғылықты жерінен Үшарал қаласына дейін дербес жүзеге асырады, бұдан әрі орталық Ақши ауылына, лагерьдің өзіне орталықтандырылған тасымалдауды қамтамасыз етеді

, - дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының м.а. Ермек Мизамбаев.


Айта кетейік, «Жансая» күндізгі оңалту орталығының теңгеріміне берілген жазғы сауықтыру лагері – Алакөл жағалауындағы Ақши ауылында орналасқан коттедж. Нысанның жалпы алаңы – 200,3 шаршы метр. Бөлмелер саны – 12, жатын бөлмелер – 8, 2 ойын залы, асхана, медбике кабинеті бар. Жазғы кезеңде қызмет көрсететін және оның жұмысын қамтамасыз ететін 24 штат бірлігі бекітілді, оның ішінде 14 маман, 2 медицина қызметкері және 8 кіші қызметкер.


Орталықтың басты мақсаты – медициналық-психологиялық іс-шаралар мен әлеуметтік бейімдеу шараларын жүргізу арқылы ерекше қажеттіліктері бар балалардың жазғы демалысын сапалы өткізуді қамтамасыз ету.



Соңғы жаңалықтар