Алакөл ауданында батыр аналарға арналған ескерткіш пен аллея ашылды
Онда өз балаларына бата беріп жатқан әйел адамның қоладан жасалған мүсіні бейнеленген. Оның сыртындағы стеллада «Алтын алқа» және «Күміс алқа» әрленіп, өмірден өткен 30 батыр ананың есімдері қашалып жазылған. Аллеяның өзі гранит тақталармен өрілген. Мұндағы әсем қоршау, жарық пен жасыл көгал және жаңа егілген 70-тен астам шыршалар жанға жайлылық сылайды. «Алакөл ауданында «Алтын алқамен» марапатталған 55 ана тұрады. Барлығы осы мерекеге қатысуда. Олардың арасында 13 баланы дүниеге әкелген Үмітхан Қаупанова, 12 баланың анасы Райхан Тоқырова, 11 баланы тәрбиелеп өсірген Зәуке Шынғожанова мен көптеген басқа аналар бар. Асыл аналарға Қазақстанның лайықты азаматтарын тәрбиелегендері үшін алғысымыз шексіз. Олардың алдында басымызды иеміз», - деп атап өтті Алакөл ауданының әкімі Әлібек Жақанбаев. Бұл мемориалдық кешен демеушілердің қаржысына салынған. Айта кетейік, өзінің құрылған уақытынан бері осы күнге дейін Алакөл ауданында 133 көп балалы отбасы тұрып жатыр.