Алакөл ауданында бірден 40 отбасы жаңа қонысқа көшті
Бескөл ауылдық округінде бес қабатты үй қалпына келтірілді. «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында иесіз қалған ғимаратты күрделі жөндеуге 230 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді.
Оңтайландыру жылдары бұрынғы қант зауытының тұрғын үй қоры құлдырады. Бесқабатты үйлерді қалпына келтіруді жергілікті билік бұдан үш жыл бұрын бастады.
Бақытты қырық жаңа қоныс иелерінің арасында Үмітгүл Шаймарданова да бар.
- Мен үшін бұл ерекше күн. Бүгін мен «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша жаңа пәтердің кілтін алдым. Мен еліміздің Президентіне баспаналы болуыма мүмкіндік бергені үшін алғыс айтқым келеді, - деді жаңа қоныс иесі Үмітгүл Шаймарданова.
Аудан басшылығы халықты тұрғын үймен қамту проблемаларын оң шешуді одан әрі жалғастырмақ. Жаңа басталған жылда көпқабатты үйлер Достық кентінде, Қабанбай ауылында және аудан орталығы - Үшаралда қатарға қосылады.