Алакөл ауданындағы селфи: екі адам мерт болды, үшіншісінің жағдайы орташа ауыр
«Баланың оң жақ аяғына бірден операция жасалды. Қазір науқастың жағдайы орташа ауыр. Травматология бөлімінде емін алып жатыр», - деді Алакөл аудандық ауруханасының травматология бөлімінің меңгерушісі Жандос Садықов.
Естеріңізге сала кетейік, 20-тамыз күні Алматы облысында екі жасөспірім ескі ғимаратта селфи жасаймын деп мерт болды.
Оқиға Алакөл ауданына қарасты Бескөл ауылының маңында болған. 15 және 16 жастағы екі жеткіншек балық зауытының маңындағы екі қабатты ғимаратта суретке түспек болған кезде олардың үстіне бетонды плита құлап кеткен.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметі бойынша тағы бір 15 жастағы ер баланың оң аяғы сынып, Үшаралдағы ауруханаға жеткізілген.
Естеріңізге сала кетейік, осы айдың басында дәл осы ауданда Алакөл жағасында жар құлап, 17 жасар қызды топырақ басып, бойжеткен оқиға орнында тіл тартпай кетті.