Алакөл жағалауында шетелдіктерге арналған казино ашылмақ
СЕМЕЙ. KAZINFORM — Абай облысындағы Алакөл жағалауынан казино мен ойын автоматтары залдарын орналастыруға арналған аумақтың шекарасын белгілеу жоспарланып отыр. Оған тек шетел азаматтары, азаматтығы жоқ адамдар және ойын бизнесі мекемелерінің қызметкерлері ғана кіре алады.
Тиісті қаулы жобасы «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға шығарылды.
Құжатта аталған бастаманың Қазақстан заңнамасына сәйкес ойын бизнесі нысандарын орналастырудың құқықтық негіздерін нақтылауға бағытталғаны айтылған.
— Жобаны қабылдау Абай облысындағы Алакөл жағалауында тек шетел азаматтары, азаматтығы жоқ адамдар, ойын бизнесі мекемелерінің қызметкерлері және қызметтік міндеттерін орындауына байланысты ойын мекемесінде жүрген өзге де тұлғалар кіре алатын казино мен ойын автоматтары залдарын орналастырудың құқықтық негіздерін нақтылауға мүмкіндік береді, — делінген құжат жобасында.
Жобаны іске асыру туристік инфрақұрылымды дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті бюджетке түсетін түсімдерді арттыруға ықпал етуі мүмкін деп күтіліп отыр. Сонымен қатар мұндай нысандарды орналастыру кезінде экология және қоғамдық тәртіп салаларын қоса алғанда, заңнама талаптары сақталуы тиіс.
Құжатты Абай облысының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы әзірлеген. Қаулы жобасы 2026 жылғы 19 қазанда дайындалған. Қоғамдық талқылау 4 қарашаға дейін жалғасады.
Еске салсақ, осыған дейін Алакөлде жоғалған телефон мен қолсөмке ЖИ камералары арқылы табылғаны хабарланған.