Алакөл жағасындағы туризм экологияны қалай бүлдіріп жатыр
СЕМЕЙ. KAZINFORM — Алакөл — жаз шыға жағасына мыңдаған туристі тартатын демалыс орны. Бірақ оның тазалығы — күн тәртібінен түспей тұрған мәселе.

«Екі тараптан да кемшілік бар»
Балғын есімді өскемендік әйел жыл сайын жаз шыға Алакөлге барып демалады. Оның айтуынша, бей-берекет тасталған қоқыс мәселесі әлі күнге дейін өзектілігін жоймай келеді.
— Алакөл — Қазақстандағы ең сұранысқа ие демалыс орындарының бірі. Халық қыс кезінің өзінде-ақ алдын ала бронь жасап, сол жаққа бару үшін жазды тағатсыздана күтіп жүреді. Суы мөлдір әрі шипалы Алакөлдің жағасында демалуды өзім осы шілде айында жоспарлап отырмын. Бірақ бір әттеген-айы — қоқыс мәселесі. Арбат, жағалаудың айналасы, тіпті судың өзіне де қоқыс тасталып жатады, — дейді демалушы.

Ол өз сөзінде бұл жерде екі тараптан да кемшілік барын жеткізді.
— Біріншісі, демалып жатқан халықтың экологиялық мәдениетсіздігі. Өзгені ойламаса да өзін ойласын. Себебі отбасымен, жақындарымен бәрібір осында қайта келіп демалады. Сол кезде айнала толған қоқыс болып жатса несі жақсы?! Екіншісі, қоқысты тастайтын жәшіктердің аздығы мен тазалыққа жауапты мекемелер жұмысының сылбырлығы. Расымен де қоқысты тастай қояйын десең жәшік таппай сенделесің. Оның үстіне туристің тым көптігінен тазалыққа жауаптылар бәрін жинауға үлгермей жатқан сияқты, — дейді Балғын.

Қоқыс жәшіктерінің саны артады
Kazinform тілшісінің ресми сауалхатына жауап жолдаған Мақаншы ауданы әкімінің орынбасары Әлия Сарбаева Алакөлдің тазалығын сақтау үшін не істелетінін айтып берді.
— Алакөл жағалауындағы қатты қалдықтарды шығару мәселесі өте өзекті. Оны шешу үшін бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр. Көл жағалауында 140 мың шаршы метр жерде санитарлық жұмыстар жүргізіледі. Бұған 4,5 шақырым жағалау тазалығы, ортаңғы арбат — жаяу жүргіншілер жолы, саябақтың тазалығы кіреді. Қатты қалдықтарды шығару және өңдеу үшін Қабанбай ауылында қатты тұрмыстық және өзге де улы емес қалдықтар полигонын салу мақсатында биыл жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Құжаттаманы дайындау мерзімі — 2025 жылдың 1 тамызы, — дейді ол.

Жобалық-сметалық құжаттама дайын болған соң республикалық бюджеттен қаржы бөлу үшін бюджеттік өтінім берілмек.
— Қатты қалдықтарды шығару полигонын салғанға дейін, жиналған қалдықтыр Қабанбай ауылынан шығысқа қарай көлден 12 шақырым жерде орналасқан арнайы орынға төгіледі. Бір туристік маусымда Алакөл жағалауынан шамамен 32 000-35 000 куб қалдық шығарылады. Жағалауда тазалықты сақтау жөнінде кәсіпкерлерге үнемі түсіндіру жұмысы жүргізіледі, — дейді Әлия Сарбаева.
Бүгінде жағалауда 17 қоқыс контейнері, 65 қоқыс жәшікі бар. Биыл қосымша 25 жәшік пен 50 контейнер сатып алынбақ. Жаз бойы көл жағалауында заңбұзушылықтардың болмауын 45 полиция қызметкері қадағалайды.

Рейдтер жалғасады
Алакөлдегі қоқыс мәселесіне қатысты құзырлы министрліктің де жауабын біліп көрдік.
— Өткен жылдың тамыз айындағы әлеуметтік желідегі резонансқа байланысты Абай облысы бойынша экология департаментінің қызметкерлері жергілікті атқарушы орган өкілдерімен бірлесіп, Алакөлге іргелес аумақта рейд жүргізді. Көзбен шолып қарау барысында, көлден 12 шақырым қашықта қатты тұрмыстық қалдықтардың рұқсатсыз жиналғаны анықталды. Бұл Экология кодексінің талаптарына қайшы, — дейді Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев.
Оның айтуынша, экология департаментінің зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің маманы аталған аумақтан топырақ пен кәріз сарқынды суынан сынама алып, зерттеу жасаған.
Соның нәтижесіне сәйкес екі көрсеткіш, нақты айтқанда қалқыма заттар және мұнай өнімдері бойынша шекті рұқсат етілген концентрациядан асып кету фактісі анықталды.

— Осы дерекке байланысты Қабанбай ауыл округі әкімінің міндетін атқарушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Лауазымды тұлғаға қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу арқылы ремедиация бағдарламасын әзірлеу және Алакөл маңындағы қоқыс үйінділерін жою қажеттігі туралы жекеше ұсыным берілді. 2024 жылдың қыркүйек айында департамент тиісті аумақтық жергілікті атқарушы органға, ішкі істер органдарына және санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласындағы құзырлы органға Алакөл мәселесіне қатысты шара қабылдау қажеттігі жөнінде хаттар жолдады. Абай облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, Мақаншы ауданы Қабанбай ауыл округінде қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу жоспарланған. Қазіргі таңда «Энергоинформпроект» ЖШС-мен жалпы сомасы 15 млн теңгеге жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу бойынша шарт жасалған. Сонымен қатар 2024 жылдың қыркүйек айында облыс әкімінің қаулысымен «Алакөл көлінің жағалауындағы туристік аймақтың басым проблемалық мәселелерін шешу жөніндегі іс-шаралар жоспары» бекітілді, — дейді вице-министр.

2025 жылдың жаз айларында Алакөлдің туристік аймағында экология департаментінің қызметкерлері мен жергілікті атқарушы орган өкілдері бірлесіп, кезекті рейд өткізуді жоспарлап отыр.
— Бұл іс-шаралар шеңберінде экологиялық заңнама бұзу фактілерін анықтау, алдын алу және жолын кесу көзделген. Сондай-ақ қалдықтарды белгіленбеген жерге тастағаны үшін қарастырылған әкімшілік жауапкершілік туралы жергілікті тұрғындар мен туристер арасында түсіндіру жұмысы жүргізіледі, — дейді Жомарт Әлиев.
Еске салсақ, осыған дейін Алакөл жағалауында 2018 жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмегенін жазғанбыз.