Алакөлде алғаш рет әмбебап құтқару бөлімшесі ашылды
АСТАНА. KAZINFORM – Алакөл курорттық аймағында шомылу маусымы қарсаңында алғашқы әмбебап құтқару бөлімшесі іске қосылды.
Ашылу рәсіміне Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен Абай облысының әкімі Берік Уәли қатысты. Іс-шараға жергілікті тұрғындар да жиналды.
Жаңа бөлімше екі жүзден астам демалыс аймағының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Жыл сайын Алакөлге ондаған мың турист келеді. Бұл формат өңір үшін жаңа – бұған дейін мұндай кешенді құтқару қызметі болмаған.
– Бұл нысан демалушылардың қауіпсіздігін күшейтіп, туристік инфрақұрылымды дамытуға серпін береді. Қауіпсіздік жоғары болған сайын, ішкі туризм де қарқынды дамиды, – деді Шыңғыс Әрінов.
Құтқару бөлімшесі толық қажетті техникамен жабдықталған. Қызмет тәулік бойы ұйымдастырылады. Құтқарушыларға арнайы автокөліктер, катер және жол талғамайтын техника берілген. Ғимаратта қызметкерлердің жұмыс істеуі мен демалуына барлық жағдай жасалған.
Бөлімше тек жаз мезгілінде ғана емес, қысқы кезеңде де жұмыс істейді, себебі бұл уақытта да төтенше жағдайлар туындауы мүмкін.
Салтанатты рәсім барысында үздік қызметкерлер марапатталып, іс-шара соңында қатысушылар ағаш көшеттерін отырғызды.
Айта кетейік, Үкімет басшысы Алакөл жағалауын дамытудың кешенді жоспарымен танысты.