Алакөлде шомылу маусымы қашан басталады
АСТАНА. KAZINFORM — Алакөл жағалауында жазғы туристік маусымға дайындық қызу жүріп жатыр. Жетісу облысындағы Ақши мен Көктұма ауылдарында абаттандыру, инфрақұрылымды жаңарту және демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары аяқталуға жақын.
Курорттық аймаққа кіреберістерде туристерге арналған бағыттаушы белгілер мен ақпараттық тақталар орнатылып жатыр.
Бұл демалушылардың жағалау аумағында еркін жол табуына мүмкіндік береді.
Жағажай инфрақұрылымын дамытуға да ерекше көңіл бөлінген. Биыл жағалауда жеті пирс салынып жатыр. Оның бесеуі Ақши ауылында, екеуі Көктұмада орналасқан.
Демалушылардың жайлылығы үшін 30 киім ауыстыратын кабина мен 45 биоәжетхана орнатылады. Сонымен қатар қоқыс жәшіктері мен контейнерлер қойылып, аумақты күтіп ұстау жұмыстары күшейтілген.
Жағалаудың тазалығына «Алакөл Тазалық» коммуналдық кәсіпорны жауап береді. Биыл мекеме 22 арнайы техникамен толықты.
Қызметкерлер жағажайларды, көшелерді ретке келтіріп, шөп шабу және қоғамдық орындарды дайындау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Жағалау бойына 31 құтқару мұнарасы орнатылып, шомылуға рұқсат етілген аумақтарды белгілейтін буй желілерінің ұзындығы 13 шақырымға жетеді.
Бұдан бөлек, жағалауда интеллектуалды бейнебақылау жүйесі іске қосылып жатыр. Камералар су айдынын тәулік бойы бақылап, төтенше жағдайлардың алдын алуға көмектеседі. Егер демалушылар белгіленген аумақтан асып кетсе, жүйе жауапты қызметтерге автоматты түрде хабар береді.
Жағалаудағы қауіпсіздік шаралары да күшейтілген. Мұнда жағалау бойына 31 құтқару мұнарасы орнатылған. Шомылуға рұқсат етілген аумақтар арнайы қалқыма белгілермен белгіленген. Олардың жалпы ұзындығы 13 шақырымға созылады.
Бүгінде Алакөл туристерге емдік қасиетімен танылған көлден бөлек, заманауи жағажайлар, пирстер, демалыс орындары, навигациялық жүйелер және қауіпсіздіктің кешенді инфрақұрылымын ұсынып отыр.
Еске салайық, Алакөлде шомылу маусымы 15 маусымда басталады.
Айта кетейік, Алакөл мен Қапшағайдағы қауіпсіздікті жасанды интеллект бақылайды.