Алакөлде жағажай бар да, жағдай жоқ
АСТАНА. KAZINFORM — Екі күн бұрын Мемлекет басшысы Үкіметке тез арада елдегі барлық туристік бағыттың жағдайын реттеп, олқылық жіберген жауаптыларды жазалауды тапсырды. Туристік инфрақұрылымның әлсіздігі мен қызмет сапасының төмендігі Қазақстандағы туризм саласының ең басты мәселесіне айналып отыр. Аталған жағдай әсіресе ішкі туризмнің ірі нүктелерінің бірі саналатын Алакөлде қатты байқалады.

— Қазір әлеуметтік желілерді қарап отырсаңыз, тек Алакөл емес, Балқаш сынды су айдындарына да отандастарымыз көптеп барып жатыр. Бірақ демалушылар тарапынан қонақүйлерге қатысты шағым жиі түседі. Қызмет сапасы мен жайлылық жеткіліксіз, — дейді «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы жобаларды сүйемелдеу департаментінің директоры Әлішер Тұрсын Jibek joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына берген сұхбатында.
Алакөл — еліміздің ішкі туризміндегі басты бағыттардың бірі. Дегенмен инфрақұрылым мен қызмет сапасы жағынан әлі де кенже қалып тұр. Көптеген нысанда ағылшын тілін білетін қызметкерлер жоқ, бұл шетелдік туристер үшін кедергі.
— Қонақүйлердің көбі қонақжай форматында, яғни тек қолжетімді бағадағы қарапайым қызметтер ұсынады. Халықаралық деңгейдегі брендтер жоқтың қасы. Қазір біз Таиландтан бір ірі қонақүй желісін шақырып отырмыз. Олар жергілікті нарықпен танысып, франшизалық модель енгізу бойынша ұсыныс береді. Таиланд туризмінің үлгісін енгізу арқылы жағажай туризмі дамып, шетелдік туристердің қызығушылығын арттыру көзделіп отыр, — дейді спикер.
Бүгінгі таңда елімізде қонақүйлерге жұлдыз беру жүйесі тек ұсынымдық сипатқа ие. Бұл сапаны нақты бақылауға мүмкіндік бермейді.

— Егер заңнамалық өзгерістер қабылданса, онда қонақүйлерді жүйелі түрде тексеріп, олардың жұлдызын төмендету не мүлде алып тастау құқығына ие болар едік. Бұл саладағы сапаны көтерудің бірден-бір жолы, — деді Әлішер Тұрсын.
Қазақстандықтар ішкі туристік аймақтарды жақсы білсе де, оларға жету жолы үлкен қиындық тудырады. Ұшақпен жету үшін билет табу қиын, теміржолда — вагон тапшылығы.
— Биыл бұл бағытта біраз ілгерілеу бар. Астана — Үшарал және Алматы — Үшарал бағыттарына Көлік министрлігі тарапынан 6,5 млрд теңге субсидия бөлінді. Қазір аптасына 7 рейс тұрақты түрде ұшады. Теміржол саласында да оң өзгерістер бар. 11 шілдеден бастап Астанадан Бурабайға қатынайтын жаңа «Burabay Express» электр пойызы іске қосылды. Жолаушыларға қолайлы жағдай жасалған. Осындай пойыздарды алдағы уақытта Алакөл бағытына да қоюды жоспарлап отырмыз, — дейді департамент директоры.
Жаз айларында қазақстандықтар негізінен Алакөл, Балқаш, Алматының тау кластері, Сайрам-Өгем ұлттық паркі мен Каспий теңізінің жағалауына жиі барады екен.
— Ал шетелдік туристер Алматы, Астана қалаларына, сондай-ақ Ақмола мен Маңғыстау облыстарына көбірек келеді. Іскерлік туризм бойынша Атырау облысы жиі таңдалады, — дейді Әлішер Тұрсын.
Қазіргі таңда Президент әкімшілігі басшысының орынбасары бастаған арнайы комиссия Алакөл өңірінде іссапармен жүр. Олар туристік бағыттың инфрақұрылымын, көлік қатынасын, қызмет көрсету жағдайын сараптап жатқан көрінеді.
— Туризмді дамытуға мемлекеттік деңгейде көңіл бөлініп жатыр. Бірақ нақты нәтижеге жету үшін заңнама, қызмет сапасы мен инфрақұрылым қатар дамуы керек, — деп түйіндеді студия қонағы.
Айта кетейік, «AMANAT» партиясы жақында тау туризмін дамыту жобасын іске қосты.
Одан бөлек, Туризм және спорт министрлігі 2026 жылдан бастап ұялы деректер негізінде цифрлық статистикаға көшпек.