Алакөлдегі заңсыз қоқыс полигоны туристерді шошытты
СЕМЕЙ. KAZINFORM — Алакөлдегі үйінді қордалы мәселеге айналды. Жағалаудан небәрі 12 шақырым жерде орналасқан қоқыс полигоны жергілікті тұрғындар мен демалушылардың мазасын қашырып, жүріп-тұруын қиындатқан.

Динара Садырбаева жыл сайын жұмыс бабымен Алакөлге жиі келеді. Санитарлық талаптардың сақталмауы мен бейберекет тасталған қоқысқа көзі үйреніп кеткенімен биылғы жағдай бұрынғыдан да ауыр.
Оның айтуынша, полигоннан тараған иістен демалу мүмкін емес. Бірнеше рет жүк көліктерінің лек-легімен қоқыс төгіп жатқан сәтіне де куә болған.
— Алакөлдегі түрлі демалыс орындарының қоқысы түгел осы полигонға төгіледі. Сұмдық көрініс. Шіріп жатқан қоқыс бірнеше шақырымға созылып жатыр. Полигонға жақын орналасқан елді мекендер үшін бұл — өте үлкен проблема. Мұндай экологиялық жағдайда өмір сүріп жатқан адамдардың денсаулығы не болмақ? Қажетті шараларды шұғыл қабылдау керек, — дейді турист.
Абай облысының экология департаменті бұл мәселеге қатысты бірнеше рет жергілікті атқарушы органға хат жолдап, шара қолдануын сұраған.
Алайда нәтиже жоқ. Қалдықтар жайылып, полигон көлемі әрі қарай ұлғайып жатыр.
— 25 шілдеде департамент қызметкерлері көлдің жағалауында рейд жүргізді. Көлден 12 км қашықта орналасқан жер учаскесінде қатты тұрмыстық қалдықтар заңсыз сақталған. Бұл — Экология кодексінің талаптарына қайшы. Сонымен қатар, департамент қызметкерлері Алакөлдегі кәсіпкерлермен кездесу өткізді. Оларға қоқысты Алакөл аумағында жинауға рұқсат етілмейтіні түсіндірілді, — дейді мекемеден.
Департамент мәліметінше, заңбұзушылық анықталған сәттен бастап жергілікті атқарушы органға бірнеше хат жолданған, алайда осы уақытқа дейін әкімдік кемшілікті жою жөнінде тиісті шара қабылдаған жоқ.
— Алакөл жағалауындағы туристік аймақты дамыту Жол картасына сәйкес, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының жобалау-сметалық құжаттамасы департаментпен келісілуі тиіс еді. Алайда бүгінгі күнге дейін мұндай құжат бізге келіп түскен жоқ, — делінген хабарламада.
Kazinform тілшісі осы мәселеге қатысты Мақаншы аудандық әкімдігіне ресми сауал жолдады.
Айта кетейік, осыған дейін Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов бастаған үкімет делегациясы Алакөлге арнайы барып, жағдаймен танысқан болатын. Тексеру нәтижесінде бірқатар нақты тапсырма беріліп, жергілікті атқарушы органдарға кемшіліктерді жою үшін нақты мерзім белгіленген.