Алакөлге барып қайт
Аудандық кәсіпкерлік басұармасынан алынған ақпаратқа сүйенсек, бүгінде Алакөл ауданы аумағында 112 демалыс үйі, демалыс аймағы, пансионат, қонақүй және туристік кешен орналасқан. Атап айтқанда, 500 орынды СДО «Пеликан», 350 орынды «Ала теңіз», «Аласу» және 200 орынды «Қара Тас», 150 орынды «Көктұма» пансионаты, тағы да басқа жекеменшік үйлердің жанынан ашылған қонақүйлері бір уақытта 4500 адамға қызмет көрсете алады. Бұлардың барлығы Алакөл көлінің жағасында орналасқан. Осы демалыс орындарының мүмкіндігін жақсарту үшін облыстық туризм басқармасы ҚР туризм саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамаларын бекіту туралы №508 қаулысына сәйкес, көл жағалауының инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 17 іс-шара қарастырыпты. Осыған орай 2015 - 2017 жылдар аралығында Ақши ауылының көл жағалауында 3 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып, «Falkon Petrolium» ЖШС-нің және «Аквамарин ресорт» пен жеке кәсіпкер Д. Каримовтың көпсалалы демалыс орындары бой көтеруде. Алдағы уақытта «Аквамарин ресорт» демалыс аймағының ашылу салтанаты болмақ.
Көпсалалы демалыс орындарымен қатар өзге де туристік мақсаттағы нысандар құрылысы да ойдағыдай жүзеге асуда. Яғни, 2015 жылы 10, өткен жылы 10 туристік нысанды ел игілігіне беру жоспарының қолға алынғанын да айта кеткен жөн. 2015 жылы Алматы - Жетіген - Достық бағытында туристік пойызын жүргізу жоспары бекітіліп, облыстық бюджеттен 63,0 млн. тенге субсидия бөлінді. Сол жылы туристерге арналған пойыз аталған бағытта аптасына 6 вагонмен 3 рет қатынап, 5 мыңнан астам туристі көл бойына жеткізді. Аталған пойыз биыл 17 маусымнан бастап жолаушы тасымалымен айналыспақ. Көл бойындағы демалыс орындарының мүмкіндігін жақсарту үшін Ақши мен Көктұма ауылы кәріз жүйесінің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге жеткілікті қаражат бөлінді. Сондай-ақ, Ақши ауылының демалыс аймақтарына баратын 24 шақырым жол салу жұмыстары жүргізілуде. 2015 жылдың 4 тоқсанында басталған жоба келер жылдың 4 тоқсанында пайдалануға берілмек. Бүгінгі күнге облыстық басқарма арқылы мемлекеттік сатып алу порталының жеңімпазы «Жол» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, жұмыс басталды. Дайындалған жоба аясында су ағатын лотоктар, жаяу жүргіншілер жолы, құбырлы көпір, жарықшам, аялдама салу жоспарланған. Жобада Ақши ауылына кіреберіс жолдан 13 разъезге дейінгі бір шақырымды құрайтын жол салу жұмысы да қамтылған.
Халықтың әл-ауқатының артуына байланысты Алакөлге күре жол, теміржол, әуежолымен де келетіндер көбейе түсуде. Сондықтан Алакөл ауданы әкімдігінің 2015 жылғы 12 мамырдағы № 183 Қаулысымен «Авиакомпания «Жетісу» АҚ-на Үшарал қаласының әуежайы құрылысын жүргізу және қызмет көрсету үшін 49 жылға уақытша пайдалану құқығымен 3 гектар жер телімі бөлінді. Қазір облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы арқылы сағатына 50 адамға қызмет көрсететін әуежай бекетін салуға ЖСҚ даярлауға бөлінген 21,0 млн. теңге қаражатқа «Казаэропроект» АҚ-мен жоба дайындалуда. 2008 жылы Алматы облыстық құрылыс басқармасының тапсырысы бойынша Алакөл көлінің жағалауын бекітетін 3 шақырым бөгет құрылысын салу объектісінің сметалық-жобалық құны дайындалған. Аталған жоба «Тараз-Технопроект» ЖШС-нің орындауына жүктелген. Өткенде «Пеликан» отбасылық демалыс үйінде өткен «Крылья Алаколя» атты фестивальде жоғарыда айтылған тамаша мүмкіндіктер тағы бір рет сараланды.
Көптен бері көл жағалауындағы заманауи байланыс жүйесін жетілдіру жайының айтылып келе жатқаны анық. Жұрт тілегін ескерген алакөлдіктер туристерді сапалы интернет жүйесімен қамтамасыз ету үшін Достық ауылынан 1 базалық интернет стансысын орнатып, желіде байланысуды жеңілдете түскен. Алдағы уақытта Үшарал қаласы, Ақши және Көктұма ауылына базалық интернет стансысын орнату жоспары қарастырылуда. Бұл жоспар орындалса көл жағасында жүріп-ақ әлемнің әр түкпіріндегі елдермен интернет байланысын орнатуға мүмкіндік туады. Сонымен қатар, көлге шомылу маусымы басталысымен Ақши ауылында ауылдық дәрігерлік амбулатория, АЗС, көлік тұрағы, наубайхана және дәріхана жұмысын бастайды.
Қысқасы, Алакөлдің туристік әлеуеті артып келеді. Мұнда демалушыларға барлық жағдай жасалған. Көлдің шипалы суымен емделіп, жүйкеңізді тынықтырғыңыз келсе, еш ойланбай Алакөлге тартып кетіңіз.
Қажет Андас