Аламан бәйгеде топ жарған тұлпарлардың иелері автокөлік иеленді - Алматы облысы
Ауданның орталық алаңында гала-концерт, «Көкбастау» ипподромында ұлттық ат спортынан жарыстар өткізілді.
Гала-концертте Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның әртістері мен Қазақстан эстрадасының жұлдыздары қатысты. «Көкбастаудағы» ат жарысы да ән-жырмен басталды. Жиналған қауымды облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдірайымов құттықтап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Жарыс барысында қыз қуу, теңге ілу, аударыспақ, көкпар сияқты қазақтың ұлттық ойындары көрсетілді. Бәйге қорытындысында тайжарыстан Ескелді ауданының шабандозы Ақылбай Ақбердинов бірінші келді. 11 шақырымдық құнан бәйгеде Жамбыл ауданынан келген Қойшыбай есімді шабандоздың тұлпары алдына қара салмады. Жамбыл ауданының тұрғыны Ұлан Омаров баптаған Шаухартас есімді тұлпар топ бәйгенің жеңімпазы атанды. Олардың барлығына да жеңіл автокөлік берілді. Ең негізгі 25 шақырымдық аламан бәйгеде Ескелді ауданының тұрғыны Ақылбай Ақберлиновтің Тайтұяғы мәре сызығын бірінші кесіп, шабандоз бала Олжастың қолына жеңіл автокөліктің кілті берілді. Осы бәйгенің екінші және үшінші орын иелеріне де жеңіл автокөліктер мен ақшалай сыйлықтар ұсынылды.