Алапат отпен арпалысқан елордалық өрт сөндірушілер Қостанай облысынан оралды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қостанай облысындағы дала өртін сөндіруге аттанған астаналық өрт сөндірушілер тұрақты жұмыс орнына оралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қалалық Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.

Алапат отпен арпалысқан елордалық өрт сөндірушілер Қостанай облысынан оралды

«Қостанай облысындағы орман өртімен 5 тәулік бойы арпалысқан өрт сөндірушілерді елорда департаментінің басшылығы мен жеке құрамы қошеметпен қарсы алды. Өрт сөндірушілерді жалын ошағына Өрт сөндіру қызметі бастығының орынбасары, полковник Руслан Екішев бастап барды.

«Сіздер жеңіспен оралған нағыз батырсыздар, осы орайда сіздерге алғыс білдіремін! Сіздер атқарған жұмысты, орындалған міндетті Мемлекет басшысы жоғары бағалады», - деп атап өтті Нұр-Сұлтан қалалық ТЖД бастығы Қуанар Базарбаев.


Қостанай облысындағы алапат өртті сөндіруге елордадан 98 өрт сөндіруші 18 өрт сөндіру көлігімен көмекке барды.

«Біз өз әріптестерімізге, елімізге қиын қыстау кезде барып, тілсіз жаумен күні-түні күрестік, бірлескен әрекеттердің арқасында оттың ары қарай басқа ауылдарға таралуына жол бермедік. Бүгін міне, өз үйімізге шаршап жетсек те, елге қызмет етіп, қойылған міндетті абыроймен атқарғанымыз, жеңіске жеткеніміз бізге үлкен күш-қуат береді», - дейді Қостанай облысынан келген өрт сөндірушілердің бірі.