Алапат жел адамдарды құлатты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ханты-Манси тұрғыны өз автомобилінде қосулы тұрған видеорегистраторға секундына 25 метр жылдамдықпен соққан қуалама желдің адамдарды қалай ұшырып әкеткенін түсіріп алған.
Машина Ямская көшесінің бойындағы үйдің жанында тұрған. Жұрт ғимараттың бұрышына дейін барған кезде ұйтқи соққан ауа ағыны оларды ұшырып әкететін болған. Көктайғаққа айналған жолдан тірек таппаған жандар сырғыған күйі жолды кесіп өтіп, аяқтарынан тұра алмай құлап түседі.
Lifenews-тің хабарлауынша, Ханты-Мансидағы алапат дауылдың салдарынан биатлоннан Әлем Кубогы кезеңінің ашылуы кейінге шегерілген. Стадионда желдің екпініне шыдамаған жарық беретін бағана құлап түскен.