Al Arabiya: ХАМАС пен Израиль Газада атысты 60 күнге тоқтатуға келісті
АСТАНА. KAZINFORM — Палестиналық ХАМАС қозғалысы мен Израиль Газа секторында атысты 60 күнге тоқтатуға келісті, деп хабарлайды ТАСС.

Al Arabiya телеарнасы дереккөздерінің хабарлауынша, АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткофқа қақтығыс тараптары ол ұсынған келісім жобасын мақұлдағаны туралы хабарланған.
— АҚШ президенті Дональд Трамп келісім туралы алдағы бірнеше сағат ішінде жариялайды деп күтіліп отыр, — деп хабарлайды Al Arabiya дереккөздері.
Өз тарапынан ХАМАС-қа жақын Quds порталы қозғалыстағы дереккөзге сілтеме жасап радикалдар «Уиткоффтың Газа бойынша ұсынысын әлі де зерттеп жатыр» және «БАҚ-тың келісімге қол жеткізілгені туралы барлық ақпарат шындыққа жанаспайды» деп мәлімдеді. ХАМАС бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме берген жоқ.
Бұған дейін израильдік Ynet порталы Уитткофтың жаңа ұсынысы анклавта атысты 60 күн бойы дереу тоқтатуды және бірінші аптаның ішінде кепілге алынып тірі қалған 10 адамды екі кезеңде босатуды көздейтінін хабарлады.
Оның мәліметінше, бірінші аптаның ішінде ХАМАС сондай-ақ Израильге кепілге алынып қаза болған 18 адамның денесін тапсыруы керек. Бұған жауап ретінде Израиль тарапы палестиналық тұтқындарды бұрын бекітілген тізімдерге сәйкес босатады.
Бұдан басқа, құжатта Газаға БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар арқылы гуманитарлық көмек жеткізуді қалпына келтіру туралы айтылады. Бейсенбі күні Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху еврей мемлекеті Уиткофтың жаңа жоспарын қабылдайтынын хабарлады.
28 мамырда Уиткофф Ақ үйде тілшілерге АҚШ жақын арада Израиль мен ХАМАС-қа Газа секторында атысты тоқтату шарттарының тізімін жіберуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. 25 мамырда Катар үкіметінің басшысы әрі Сыртқы істер министрі Мұхаммед бен Абдул Рахман Әл Тани Газа секторындағы қақтығысты реттеу бойынша ХАМАС пен Израиль арасындағы жанама келіссөз тұйыққа тірелгенін мәлімдеді.
Бұған дейін Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Израиль ХАМАС жетекшісі Мохаммед Синварды жойғанын мәлімдеді.