«Алаш арыстарын ардақтайтын шаралар көбейеді» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі 26 қараша, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
None
None

***

Өкінішке орай, Қазақстанда диабетпен ауыратындар саны жыл санап көбейіп келеді. «Егемен Қазақстан» газетінің хабарлауынша, соңғы 10 жылда диабетпен ауыратын науқастар екі есе­­­­ге көбейіп, 270 мыңға жеткен. «Бұл тек анықталған адамдар саны, өйт­кені, диабетке шалдыққандарын білмей жүргендер қаншама. Дерт білінбейді де, уақтылы ем қа­был­дамау мүгедектікке, тіпті, өлім­ге әке­луі мүмкін. Сондықтан Қа­зақ­стан Республикасының диа­беттік ағарту қоры мен «Ново Нордиск А/С» компаниясы өкіл­дігінің «Абай бол: диабет жаныңда!» әлеу­меттік жобасы қалыптасқан жағдайды жақ­сартуға бағытталып отыр» деп жазады басылым. Қазіргі заманауи қалалық өмір аурудың тез таралуына әсер етуде. Жүріс-тұрысы аз өмір салты мен үйле­сімсіз тамақтану 2-типті диабеттің пайда болуының негізгі себебі. Елімізде тіркелген 93% жағдайда дәл осы түрі кездеседі. Өкініштісі, аурудың бұл ке­зеңі тек 5, кейде 10 жыл өткен соң ғана анықталады. Осы уақытқа дейін дерт денсаулыққа ауыр зардап ти ­гі­зіп үлгереді екен. Бұл туралы толығырақ «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «Абай бол: диабет жаныңда!» деген мақаладан оқи аласыздар.

Сонымен қатар, бас басылым бүгін елордада Бұқарбай батыр атындағы көше пайда болды деп, сүйінші жаңалық таратып отыр. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Астана қаласының төрінде даңқты батыр Бұқарбайдың атына көше берілді. Игі шара Астана қаласы әкімдігінің қаулысы және мәслихатының шешіміне сәйкес жүзеге асқан.

«Бұл қуанышқа батырдың Алматы, Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау, Қарағанды және Жам­был облыстарындағы ұрпақтары арнайы келіп, көше мен ескерткіш-тақтаның салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Шараның шымылдығын ұлт жанашыры, Парламент Мәжілісінің депутаты Оразкүл Асан­ғазы ашты. «Биылғы Қазақ хандығының 550 жылдығы шеңберінде осындай батырларымыз бен билерімізді жас ұрпаққа ұлықтау, олардың ерліктерін ұмытпай дәріптеу мақсатында көше атау­ларын беру халықтың арман-тілегі», - дей келе, бүгінгі жиынның мән-маңызына тоқталды. Сондай-ақ, жиынға қатысқан Сейітсұлтан Әйім­бетов пен Мұрат Бақтиярұлы сынды депутаттар ер атанған Естекбайдың ұлы жайында естеліктер айтып, шараның өтуіне мұрындық болған бабаның ұрпақтарына алғыстарын жеткізді», - деп жазады басылым. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінде шыққан «Елорда көшесіне - Ер Бұқарбай есімі» деген мақаладан оқи аласыздар.

***

Ал, «Айқын» республикалық газеті бүгін кедей мен байға кеңес беріп, әлемдегі кезекті экономикалық дағдарыс кезінде қазақ қайтсе ұтады деген сауалға жауап іздеген. Мақаланың тоқетерінде экономикалық толқулар заманында қазақ оқу арқылы, білімді ұлтқа айналу арқылы ғана есебін түгендейтіндігі айтылады. «Қараханидтер мемлекетін құрушы Селжұқ Бұғара Қарахан исламды мемлекеттік дін деп жариялаған соң, 910 жылы біздің бабаларымызға «Оқы» деп басталатын қасиетті кітап келді. Кітап - Құран Кәрім.

«Оқы» деп тұрған Жаратушы жалғыз. Содан халқымыздың қанша оқығанын өзіңіз сараптай беріңіз. Бірақ біздің білетініміз, 1800 жылдардың орта шенінде, яғни бабаларға «Оқы» деген сөз бұйрықтай айтылғаннан тоғыз ғасыр өткеннен кейін осы жердің бір тумасы Абай Құнанбайұлы былай деді: «Адам болып туған соң,

Қайтіп надан болайын?

Халқым надан болған соң,

Қайда барып оңайын?». Көрдіңіздер ме, «Оқы» деп бас­­талатын қасиетті кітапты 900-жылдан астам уақыт бойы қолында ұстап, оқып үйренуге тиісті халық ХІХ ғасырдың өзін­де надан екен. Бұған иланбасқа амал жоқ. Өйткені мысалға кел­тірген өлең жолдарын хал­қы­мыз­дың қасиет тұтатын тұлғасы Абай жаз­ған. Ол өтірік айтты дей алмай­мыз. Мұның ақиқат екенін дәлел­деу қиын емес. Айталық, «Алаш арыстары» деп аталатын топта жүрген азаматтар ХХ ға­сырдың басында «Оян, қазақ» деп жар салды. Бұдан саналы оқырман қа­зақтың оқымақ тү­гілi, «қалың ұй­қыдан» мүлде оян­бағанын бай­қайды емес пе?» деген мақала авторы қазақтың тұрмыс тіршілігін ағылшын, жапон, неміс, еврей ұлттарының өмір сүру деңгейімен салыстырады. Сөйте келе, қазақ қоғамындағы кедей мен байға ақыл-кеңес береді.

«Ертең Дүние­жүзілік сауда ұйымының толық­қанды мүшесі болғаннан кейін халықаралық талап бо­йын­ша Мемлекет басшысының көмек созар қолы «байланады». Әркім­нің өзі өзінің білімі мен ақылына қарай күн көруі керек деген шарт бойынша жұмыс іс­тейтін кез ке­леді. Сол заманда хал­қымыз қы­сыл­масын деген­дік­тен де «кедейге де, байға да» кеңес ұсынуды жөн көрдік. Бірі болмаса біріне пай­дасы тисін дегендік қой.

1. Кедейге кеңес

«Арланбайық, халқымыздың 70 пайызы кедей. Халықаралық есеп бойынша, байлықтың не­гізгі иесі - 3-5 пайызды құрай­тын азғантай топ. Ал дамыған елдерде тұрғындардың қалған 30 пайызы ортадан жоғары топ­та­ғылар ата­лады да, 55-60 пайызы орташалар, 5-10 пайызы кедей­лер делінеді. Кедейлердің өзі дамыған елдерде біздің орташа­лардан жоғары жәрдемақы ала­ды. Сондықтан да біз халқы­мыздың 70 пайызы ке­дейлер деп отырмыз. Бұл кедей­лер үшін ең алдымен қоятын капитализмнің басты талабы - үнемшілдік. Кез келген «мүмкін» жағдайдан үнем­деп қалу керек. «Мүмкін емес» тұстан да үнемдей білген жөн. Ал біздіңше, қазақта үнем­дейтін тұстар жеткілікті: а) той-томалақ жасамау ке­рек, әлемнің бірде-бір ұлты дәл біз­дегідей тоймен бәсекелес­пейді; ә) басыңа түскен мәселені «пара беріп шешемін» деуден қаш; б) мектепте дұрыс оқымаған «санасызыңды» «ақылы оқытып, диплом алып беремін» деу нағыз ақымақтық; в) қала ішінде бір-екі аялда­маның арасындай жерге көлікке отырып, ақша шығындамасаң да болады. Жаяу жүрген өз ден­сау­лығыңа пайдалы әрі үнемшіл­діктің бір арнасы; г) балаңды «ақшамен ерке­лет­пе»; д) зиянды әдеттерден үзілді-кесілді бас тарт. Бір ғана темекі шегу мен аздап сыра ішуден бас тартсаңыз (тәулігіне бір қорап темекі, бір бокал сыра) жылына 150 мың теңге үнемдейді екенсіз; е) қаржылай шығын болатын барлық «ләззаттан» аулақ жүр»,-дейді басылым. «Айқын» газеті бай мен кедейге тағы қандай кеңес айтқанын білгіңіз келсе, басылымның бүгінгі нөмірінде жарық көрген «Есепте, қазақ» атты мақаланы оқыңыздар.

Сондай-ақ, «Айқын» газеті алдағы жылы Алашорда үкіметінің басшысы Әлихан Бөкейханның - 150, ал 2017 жылы Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуына орай «Астанадан Ақтоғайға дейін» атты тарихи-танымдық экс­педиция ұйымдасты­ры­латынын хабарлап отыр. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасарының кеңесшісі Берік Уәлидің басылымға берген сұхбатында айтылған. «Алдағы жылы Алашорда үкіметінің басшысы Әлихан Бөкейханның - 150, ал 2017 жылы Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толады. Бұл тарихи даталар - еліміз үшін айрықша оқиға. Оның үстіне, өткен аптада Ұлт көсемі Әли­хан Бөкейханның 150 жыл­дық мерейтойы ЮНЕСКО көле­мінде аталып өтілетіні бел­гілі болды. Осы ретте 9 желтоқсан күні «Аманаттың» кезекті отырысы Алаш тақы­рыбына арналатынын айтып өткен жөн. Клуб отырысында Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО тізіміне енгені туралы айты­лады. Сон­дай-ақ Алаш әске­ріне қатысты тақырып көте­рі­леді. Бұл ба­ғытта зерттеу жұ­мыста­рымен айналысып жүр­ген белгілі қоғам қайраткері Берік Әбді­ғали мырза баяндама жасамақ. Ол кісі Мәскеуде бұрын қолы­мызға түспеген Алаш әскеріне қатысты құнды деректермен бөліспек. Кейін осы тың тақырып бойынша Бекеңмен бірлесіп кітап шы­ғару да ойымызда бар. Екін­шіден, тек қана Әлихан Бө­кейхан ғана емес, жалпы Алаш арыстары­ның қанатты сөз­дерін жинақ­тап, «Алаш айтқан асыл сөз» деген атпен құрас­тырылып жатқан кітаптың жұмысын күшейтеміз. Бұдан бөлек «Астанадан Ақтоғайға дейін» атты тарихи-танымдық экс­педиция ұйымдасты­ры­лады. Экспедиция жұмысы Қара­ғанды қаласындағы Әлім­хан Ермековтің зиратына барып, Құран оқудан басталып, Ақто­ғай ауданындағы Әлихан Бөкейханның ата-бабасы жер­ленген Талдыбейітке тәу етумен аяқталады. Тағы да тың бастамаларымыз бар. Оны уақыты келгенде айта жатар­мыз», - деген газеттің сұхбаттасушысы. Берік Уәлидің сұхбатын толық оқығыңыз келсе, « Алаш арыстарын ардақтайтын шаралар көбейеді» деген материалға көз жүгіртіңіз.

***

«Экспресс-К» газеті Ақмола облысында жылқы ұрлаған «барымташылар» туралы жазады. Басылымның ақпаратына сүйенсек, енді Ақмола облысында мал дәрігері бастаған барымташылар бір жылын түрмеде өткізеді. істің күрделі болғаны соншалық, құқық қорғаушылар оны бір жыл бойы тергеген екен.

«2014 жылдың желтоқсанында Есіл ауданы Орловка ауылында ұрылар 94 жылқыны ұрлап әкеткен. Зардап шеккен азаматтар полицияға шағымданады. жедел із кесушілер бірнеше күдіктіні ұстайды, бірақ, олар жергілікті тәртіп сақшылары өздеріне күш көрсетті деп мәлімдеме жасаған. күдіктілердің бірі құқық қорғаушыларды араздандырып, өзін ұруға итермелеген екен. Араға Ақмола облыстық прокуратурасы араласып, тәртіп сақшыларға қатысты тексеру жүргізуге мәжбүр болады. бірақ, жоғалған жылқыларды іздеу процесі тоқтамайды. Анықталғанындай, осы ауылдың бес тұрғыны мен Қостанай облысының бір тұрғыны өз рөлдерін бөліп алып, жылқыларды Солтүстік Қазақстан облысына айдап әкеткен. Қылмысқа ауылдың бас мал дәрігері тікелей қатысы бар болып шыққан. Ол өзінің «Нива» маркалы қызметтік көлігімен істі тындырып жүрген. Ауыл адамдары мал дәрігерінен тіпті күдіктенбеген де екен», - деп жазады басылым. Бұл туралы «Экспресс-К» газетінде жарық көрген «Акмолинский остерн» деген мақаладан оқи аласыздар.

Соңғы жаңалықтар