"Алаш айнасы" газеті "Көне түркі жазуын үйренейік!» жобасының қорытындысын жариялады

АЛМАТЫ. Қаңтардың 28-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - "Алаш айнасы" республикалық қоғамдық-саяси ақпараттық газеті 1 жылдық мерейтойында "Көне түркі жазуын үйренейік!» жобасының қорытындысын жариялады,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Түрік бітік дәрістерін меңгеруге бағытталған бұл шараға көзі қарақты оқырмандар қызу атсалысқан еді. Үздік ондыққа кіргендер енді өздерінің сүйікті басылымын барыс жылы тегін алып тұратын болды. Онда бас жүлде газеттің Алматы қаласындағы тұрақты оқырманы Аманбай Байнимировке бұйырды. Жеңімпазға жобаның бас демеушісі «Эйр Астана» әуе компаниясы Үндістанға екі кісілік жолдаманы табыс етті. Жүлделі үш орынға ие болғандарға редакцияның алғысхаттары және «Арыс» баспасы мен «Алматыкілем» кәсіпорны дайындаған сыйлықтар тапсырылды.

Сондай-ақ Қазақтың Абай атындағы ұлттық педагогикалық университеті шығарған «Түрік бітік» компьютерлік бағдарламасы таныстырылып, түркітанушы Нәпіл Базылхан руна жазуы туралы арнайы дәріс өткізді. Мерейтойлық шарада «Тұран» этнографиялық ансамблі мен дәстүрлі музыканың шебер орындаушыларының бірі саналатын әнші Ерлан Рысқали өз өнерін көрсетті. Балбалтасқа қашалған халықтың рухани мұрасын насихаттайтын «Көне түркі жазуын үйренейік!» жобасын басылым енді биыл да жалғастырғалы отыр.

Соңғы жаңалықтар