Алаш баласының жұмылатын тұсы да, тайсалмайтын ісі де Тәуелсіздік болуы тиіс
Жалпы, Тәуелсіздік мерекесі несімен құнды дегенге келсек, біз ең алдымен барша Қазақ Елі үшін мәні де, маңызы да айрықша тарихымызды, өткеніміз бен жоғалтқанымызды түгендедік, тілімізді тірілтіп, дініміз бен ділімізді қайта оралттық. Шекарамыз шегенделді, айбынды армиямыз ел қорғанына айналып, қатарға тұрды. Мемлекеттігімізді білдіретін ұлттық рәміздер қабылданып, ұлттық салт-дәстүрімізді жандандырдық, барша қазақстандықтардың берекелі ісіне жол аштық. Осының бәріне Тәуелсіздік болмаса қол жетуі де мұң емес пе? Ең ақыры қазақ атты ұлттың сақталуы, ықылым заманнан өзі мекендеген ата жұртында дербес жұрт ретінде шаңырақ көтеріп, егемен ел ретіндегі өркендеуінің бастауы Тәуелсіздікке келіп тірелетіні анық. Сондықтан да қазақ үшін қандай да болмасын мерекенің, мейрам мен тойдың атасы - Тәуелсіздік күні екендігі даусыз.
Мінеки, ел болып, тереземіз басқа жұртпен тең болып, халықаралық деңгейде толыққанды мойындалған мемлекет ретінде өмір сүріп жатқанымызға да 23 жыл. Тарих үшін соншалықты зор кезең болмағанымен, осы жылдар ішінде ғасырларға бергісіз қыруар істер атқарылды. Экономикалық-әлеуметтік, саяси, қауіпсіздік мәселелерінде, оның ішінде жаһандық‑өңірлік проблемаларға қатысты өз алдына дербес шешім қабылдай алатын, өз ұстанымын паш ете алатын егемен мемлекет бола алатынымызды барлық қырынан айқындап, мойындаттық. Халықаралық бастамалармен бірге, әлемдік деңгейдегі іс‑шараларды, дүниелік, адамзаттық маңызды форумдарды да жоғары деңгейде ұйымдастыратын жұрт екенімізді таныттық. Ал, түптеп келгенде, бұның барлығы дербестіктің, Тәуелсіздігіміздің арқасы.
Алаштың мұраты жүзеге асқан осынау қасиетті күннен бергі кезеңде мемлекеттілікті қалыптастырудың үлкен үлгісі артта қалып, жаңа Қазақстан тарихының айқын беттері ашылды. Осыдан 23 жыл бұрын Қазақстан халқының тәуелсіздігі арқасында әлем картасында жаңа тәуелсіз мемлекет - Қазақстан Республикасы пайда болды. Содан бастап тамыры тереңге тартқан баба тарихына бай, ғасырлар қойнауынан сыр шертетін мәдени мұрасы мол, жаңашылдыққа ұмтылатын экономикалық және рухани әлеуеті зор Қазақ елі әлемдік қауымдастықтың толыққанды мүшесі болып, өркениеттік дамуға өз үлесін қосып келеді. Ендеше Қазақстанның бүгінгі ұланғайыр жетістігі - тұтастай қазақ халқының жетістігі. Дегенмен, бүгінгі жетістік, алаш асқан асудың баршасы қалай келді? Сондықтан да, өткен ғасырдың 1991 жылғы 16 желтоқсанында Президент Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңынан бастау алған тәуелсіздігіміздің әрбір жылындағы жалынды істер туралы кешегі жүрген тарихымызға тағы бір үңіліп шығу, Тәуелсіздікке тәу етумен бірдей көрінеді. Өйткені, Тәуелсіздік атты киеліміз бізге ХХ ғасыр басындағы алаш арыстарының қанымен, жылдар бойы бодандықтан арылуды аңсаған аға ұрпақтың жанымен, одан қалса 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында алаңға шыққан жастардың ерік-жігері, көз жасымен келді. Тіпті басқасын былай қойып, үлкен оқиғаларға толы болған 1991 жылдың қиыншылықтарының өзі де бір төбе емес пе?
1991 жылдың тамызындағы төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеттің «әйгілі» әрекетінен кейін мемлекеттік думада Б. Ельцин Ресей аумағында Коммунистік партияның қызметіне тыйым салу туралы Жарлығына қол қояды. Сөйтіп құр қағаз жүзінде ғана тіршілігі қалған кешегі мызғымас КСРО ыдыраудың соңғы шыңында тұрды. Ал бұндай жағдайда ең алдымен қарапайым халық қиындыққа ұшыраған еді. Бір кездегі ұлы державаның халқы - жаппай жұмыссыз қалды, өңірлерде зейнетақы мен жалақы төленбейтін бола бастады. Ұлтаралық қақтығыстар да әр жерде бой көтеріп жатты. Бұндай тұрақсыз, алдын болжамсыз тұман басқан қиын-қыстаудан шығудың бір жолы ретінде көптеген одақтас республикаларда 1991 жылдың күзінде президентік институттың, президенттік биліктің рөлі арта бастаған болатын. Дәл осы кезеңдерде Қазақстандағы негізгі өзгерістер де бұрынғы кеңестік партиялық жүйенің орнына Қазақстанның егемендігін қамтамасыз ететін жаңа жүйені құруға бағытталған еді. Сондықтан да, қалыптасқан ахуалды сауатты саралаған ел басшылығындағы Н.Ә. Назарбаев тұңғыш рет бүкілхалықтық Президент сайлауын жүзеге асыруға мұрындық болды. Жалпы бұл идея 1991 жылғы 16 қазанда «Қазақ КСР Президентінің сайлауы туралы» Заңның қабылдануымен бірге жүзеге асқан болатын. Сол жолы қабылданған Заңға сәйкес, 1991 жылғы 1 желтоқсанда тұңғыш рет жүзеге асқан бүкілхалықтық республика басшысының сайлауы болып өтті. Сайлаушылардың 88,23 пайызы қатысқан бүкілхалықтық шарада Елбасы Н.Ә. Назарбаевты жақтап жұртшылықтың 98,78 пайызы дауыс берді. Осылайша, Қазақстан халқы сайлау арқылы Нұрсұлтан Назарбаевқа өз тағдырын сеніп тапсырғандай еді. Оның үстіне бұндай қадамның өзі шайқалып тұрған КСРО-ның тағдырына, Қазақ елінің Тәуелсіздігі туралы мәселелерде келіссөздер жүргізуге, сондай-ақ түрлі жағдайлардың алдын алу үшін мемлекеттік құрылым бойынша жедел әрі радикалды реформаларды жүзеге асыруға Президенттің өкілеттігін нығайтқан болатын. Ал 1991 жылы 8 желтоқсанда Беларусь, Ресей және Украина елдерінің басшылары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын (ТМД) құру туралы келісімге қол қойды, бұның өзі КСРО-ның нақты құлағанын білдірген еді. 10 желтоқсан 1991 жылы Жоғарғы Кеңес «Қазақ ССР-ін Қазақстан Республикасы деп атау туралы» шешім қабылдады. Ал 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі жария етілді.
Сөйтіп Тәуелсіздік арқасында Қазақстан талай белесті аттады, асудан-асуға жетті. Еліміз әлемдік аренада ойып тұрар орынға табан тіреді. Дегенмен, бұл да «болдық, толдық» дегенді білдірмейді. Өйткені, біз Мәңгілік Ел болуға ұмтылған жұртпыз. Ондай мерейлі межені Елбасы Жолдауында айқындаған «Қазақстан 2050» Стратегиясы діттейді. Түйіндей айтсақ, біз ғасырлар бойы қаншама ұрпақтың арманы болып өткен тәуелсіздіктің, ұлттық мемлекет құру мұратының жүзеге асқан заманында өмір сүріп отырмыз. Ендігі күні іргетасы сапалы қаланған мемлекетіміздің шаңырағы шайқалмай, Тәуелсіздіктің тұғырлы туы мәңгіге желбірей беретініне күмән жоқ. Өйткені, қазақ деп соғар жүрегі бар әрбір алаш баласының жұмылатын тұсы, ешбір тайсалмайтын ісі де осы Тәуелсіздік болуы тиіс.