Алаш қайраткерлері Францияның саяси тәжірибесін зерттеген – Қасым-Жомарт Тоқаев

Kazakh, French leaders had talks in Akorda
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Франция президенті Эмманюэль Макронмен Ақордадағы кездесуінен кейінгі бірлескен мәлімдемеде екіжақты мәдени-гуманитарлық байланыстың қай бағыттарда дамитынын айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

«Тарихымызда екі елге ортақ деректер аз емес. Халқымыздың біртуар перзенті Абай француздың атақты ақыны Жан де Лафонтеннің мысалдарын қазақ тілінде аударған. Алаш қайраткерлерінің көбі француз тілін жетік меңгеріп, француз елінің жоғары мәдениеті мен саяси тәжірибесін зерттеген. Қазақтың белгілі әншісі Әміре Париж сахнасында ән шырқап, талайды тамсандырған. Күш атасы Қажымұқан Францияның астанасында өнер көрсетіп, көрерменді таңғалдырғаны баршаға белгілі», - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Президент бүгінгі кездесу кезінде білім және ғылым саласындағы жобаларды қолға алуға ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті.

«Осы орайда елімізде француз мектептерін ашуға, француз тілін үйретуге, академиялық байланысты арттыруға бағытталған бірқатар келісімге қол қойылды. Біз мұны жоғары бағалаймыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске салайық, Франция Президенті Эмманюэль Макрон ресми сапармен Қазақстанға келді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Франция Президенті Эмманюэль Макронды қарсы алды.

Қазақстан мен Франция президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді.

Макрон бұл сапар екіжақты серіктестік үшін маңызды жылмен тұспа-тұс келіп отырғанын айтты.

Қазақстан Президенті өз сөзінде Франция – Қазақстанның Еуропадағы өте маңызды серіктесі екенін атап өтті

Мемлекет басшыларының кездесуінен кейінгі қос елдің қарым-қатынасы қай бағытта дамуы мүмкін?

Айта кету керек, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға былтыр жасаған ресми сапары аясында 35 құжатқа қол қойылған болатын.

Соңғы жаңалықтар