Алашордашылар еңбек еткен, Мұстафа Шоқай аялдаған үй музейге айналуы тиіс – тарихшы
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбенің Темір қалалық әкімдігі болған ғимарат қазір қаңырап бос тұр. Тарихшы Райымбек Жұбаныш Алашордашылар жұмыс істеп, Мұстафа Шоқай аялдаған үйді музейге айналдыру керек деп есептейді. Өлкетанушы, зерттеуші Kazinform тілшісіне жәдігерлерді сақтау, тарихты креативті түрде қайта ұсыну идеясын бөлісті.

– Сіз кейінгі кезде архив материалдарын ақтарып, тың дүниелерді жария етіп жүрсіз. Біз әлеуметтік желідегі жазбада Мұстафа Шоқай аялдаған үй, оны сақтау туралы құжаттарды кездестірдік. Алдымен осы туралы айтып берсеңіз…
– Елімізде, оның ішінде Ақтөбеде зерттелмей жатқан тұлғалар бар. Соның бірі – Жиенғали Тілепбергенов. Қазіргі «Ақтөбе», бір кездері «Кедей» газетінің алғашқы редакторы болған кісі. 1917 жылға дейін Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесінде Қ.Жұбанов, Б.Майлинмен бірге оқыған. Дәл сол кезде қазақ жастары «Садақ» журналын шығарды. Алғаншы бас редакторы Бейімбет Майлин, кейін осы Жиенғали Тілепбергенов болды. Оқуын бітірген соң ол Темір уезіне келіп, жұмыс істеген екен. Таяуда ғана облыстық архивтен құнды фото табылды. Музей қызметкерлері Орынбордан әкелген. Фотода Жиенғали Тілепбергенов және Мұстафа Шоқай отыр. Сөйтіп «Мұстафа Шоқай және темірліктер» атты мақала жаздым. 1917 жылы Қоқан автономиясы ыдыраған Мұстафа Шоқай әйелінің бет-аузын тұмшалап, «ауру солдат» деп пойызға мінгізеді. Қызылорда арқылы Ақтөбеге әкеледі. Бұл туралы Мария Шоқайдың өз естелігінде бар. Тек адам аттарын, жер-су атаулары мен көшелерді ұмыта бастаған. Олар 6 күн бойы Ақтөбедегі мектептің бір бөлмесін паналаған. Бұл қазіргі мейрамхана, бұрынғы екі кластық орыс-қазақ мектебі болуы тиіс. Бұл жолды неге таңдады? Мақсат – Ойылға жету. Онда Батыс Алашорданың кеңсесі болды. Соған жетіп, Екатеринбургтегі съезге қатысуды көздейді. Бұдан Мұстафа Шоқайдың шетелге кету маршруты Ақтөбе арқылы болғанын көреміз. Арада 6 күн өткенде Темір қаласына барады. Себебі ол жерде Сәлімгерей Қаратілеуов, Асфандияр Кенжин, Ғұмар Есенғұлов, Елтай Қаналин жұмыс істеп жатты. Мария Шоқай «үш күн болдық, біз тұрған үйдің артқы терезесінен қарағанда Темір өзені ағып жатыр» деп суреттейді. Балконы бар ғимарат Темірде жалғыз. Бүгінге дейін әкімдік ғимараты болған, қазір қаңырап қалған ғимарат қана суреттеуге тура келеді. Кейін олар діни қызметкердің үйіне барған. Бір күн аялдап, шағын той өткен. Кейін Ойылға жолға шығады.

– Сіздің ұсынысыңыз...
– Музей етіп жасақтауға болады. 1894 жылы салынған. Ғимарат көпестің үйі. Қызыл кірпіштен салынған. Ол кірпіш бізде емес, Орынборда шыққан. Қазіргі кезде Темірдегі мектепте бір бөлме музей ретінде жасақталған. Өлкетанушы Мария Ешімбетова өзі жасақтап, ашқан. Қоныс аударып келген Демидовтар әулетінің қолданған заттары, С.Бәйішовтің үстелі сақтаулы. Бәрін көрсетіп, халыққа таныстыру керек. Темір аудандық музейі де бар. Бірақ ондағы жәдігерлердің бәрі көпшілік назарына ұсынылмай, қорда жатыр. Бұл сол жәдігерді танытуға мүмкіндік беретін ғимарат болар еді. Тек М.Шоқай аялдаған үй деп емес, Алашқа қызмет еткен адамдар мекендеген ғимарат деп танығанымыз жөн. Олардың өмір жолы, еңбегі әлі зерттелмеді.
– Мұстафа Шоқай аялдаған ғимарат алдымен көпестің үйі болды. Кейін кімдер пайдаланды?
– 1917 жылға дейін көпестің үйі болды. Патша үкіметі құлағаннан кейін елде аласапыран болып, Уақытша үкімет құрылды. Одан соң Темір атқарушы комитеттің адамдары қоныстарған кеңсе қызметін атқарды. Әрі қарай колхоз, совхоз жұмысы жанданды. Осылайша әкімдік қызметін атқара берді. Тәуелсіздік алған соң Темір қаласының әкімдігі қоныстанды. 2024 жылға дейін қолданыста болып, сақталды. Былтырдан бастап бос тұр. Мемлекет қамқорлығына алмаса, тонап кетеді.

– Кері шегінсек, Мұстафа Шоқай мен Мария Шоқайға көмектескен діни қызметкер Темірдегі Досжан ишанның отбасы ма?
– Досжан ишан 1890 жылы қайтыс болған. Тарихи құжаттар бойынша баласы Абдолла ишан мешітті басқарып отырған. Оларды күтіп алған да сол болуы мүмкін. Бір айта кететін жайт. Қоғам қазір тарихи деректерге сусап отыр. Кім тың дүние айтса, «мынау мықты екен» деп құлай кетеді. Кітап оқымаған соң білмейді, танымайды. Батыс Алашорда қайраткері Ғұмар Есенғұловты жұрт 1930 жылы өліп қалды деп ойлайды. Ал таяуда табылған құлпытасында 1970 жылы 28 шілдеді қайтыс болды деп жазылған. Ақтөбе қаласына жақын ауылда фельдшер болып жұмыс істеген ол кісі. Мұғалжар ауданы, Құмжарған ауылынан 13 шақырым жерде бейіті бар. Бірақ ұрпақтары өзге елде тұрады. Оларды іздеп табу мүмкін болмай тұр. Ақтөбеде зерттелмеген дүние көп. Білім, медицина, өнеркәсіп... деп кете береді. Ал жастар қазір қаржы мәселесі алаңдатады, көбі тест орталықтарында жұмыс істеп жүр. Сонда тарихты кім зерттейді? Тарих факультетін бітіріп жатқан түлек көп, бірақ көбі мектепте сабақ береді, ҰБТ дайындауға қатысады... Ғылымға бет бұру үшін қолдау керек деп ойлаймын. Өзім тапқан дүниемді қазір әлеуметтік желіге саламын. Еріккеннен емес, таныту үшін. Бәлкім тағы бір адам қызығып, осы саланы таңдар...
– Тарихшылар әлеуметтік желіні пайдаланып, тың деректерді оқырманға жеткізу әдісін үйренуі керек шығар...
– Белгілі тарихшылар жасы үлкен кісілер. Олар әлеуметтік желіге шығып, түсіндіріп, айтып отырмайды. Сұхбат беру де тиімсіз. Жастар да тыңдамайды. Ол үшін қысқа да нұсқа айтып, деректерді іріктеуден өткізіп, тарату керек. Оны жасасам архивті қай уақытта ақтарамын. Кішкене ғана мәтінді 1 сағат жазамын. Оны кімдер қарады деп отырғанда 4-5 сағат уақыт кетеді. Уақыт болса тапшы. Ал егер ол туралы айтпасам, мен туралы кім біледі.
– Өзіңіз туралы айтып өтсеңіз...
– Мектепті Ақтөбенің Темір ауданы Қопа ауылында бітірдім. 2011-2015 жылдары Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде оқып, 2015-2021 жылдары аралығында Шұбарқұдықтағы мектепте тарих пәнінің мұғалімі болдым. Ауданда жүріп зерттеу жүргізіп, шағын энциклопедия, монография жаздым. 2021 жылы оқуды жалғастырып, жетекшім Ақтөбе облысына депортацияланған этностар туралы тақырыпты берді. Немістермен қатар корей, шешен, поляк, гректер жайлы деректерді таптым. Ал дәл қазір Ақтөбе облысындағы байларды кәмпескілеу туралы жобаға кірістім. Архив материалдарын қарап, зерделеп жатырмын.