Alatau City-дің инфрақұрылымына британдық капиталды тарту қаралды

АСТАНА. KAZINFORM — Alatau City-дің энергетикалық, көлік және коммуналдық жобаларын экспорттық кредиттерді, банктік кепілдіктерді және британдық экспортты мемлекеттік қолдаудың өзге де құралдарын пайдалану арқылы қаржыландыру мүмкіндіктері қарастырылды.


Алатау қаласының инфрақұрылымына британдық капитал тарту қаралды
Фото: Үкімет

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған қазақстандық делегация Ұлыбритания Үкіметінің, UK Export Finance (UKEF) экспорттық-кредиттік агенттігінің, халықаралық банктердің және білім беру ұйымдарының өкілдерімен келіссөздер жүргізді. Негізгі тақырыптар – Alatau City инфрақұрылымын қаржыландыру, британдық технологияларды тарту, сондай-ақ білім беру мен жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты дамыту.

UK Export Finance (UKEF) басшылығымен өткен дөңгелек үстелде Alatau City-дің энергетикалық, көлік және коммуналдық жобаларын экспорттық кредиттерді, банктік кепілдіктерді және британдық экспортты мемлекеттік қолдаудың өзге де құралдарын пайдалану арқылы қаржыландыру мүмкіндіктері қарастырылды.

Қазақстан тарапы британдық инженерлік компанияларды, жабдық өндірушілерді және қаржы институттарын тарту арқылы жүзеге асырылуы мүмкін энергетикалық объектілерді, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін, көлік инфрақұрылымын салу саласындағы басым жобалардың тізбесін қалыптастыруды ұсынды.

Ұлыбритания Сыртқы істер министрінің парламенттік орынбасары лорд Стюарт Вудпен кездесуде екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Тараптар британдық бизнестің инфрақұрылымдық және технологиялық жобаларға қатысуын, сондай-ақ энергетика, өнеркәсіп және цифрлық экономика салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын қарастырды.

Капитал тартудың практикалық тетіктері Standard Chartered-дың мемлекеттік сектормен жұмыс істеу бағыты жөніндегі жаһандық жетекшісі Чарльз Корбеттпен келіссөздердің тақырыбына айналды. Синдикаттық кредиттеу, халықаралық даму институттарымен бірлесіп қаржыландыру және экспорттық-кредиттік агенттіктердің кепілдіктерін пайдалану мүмкіндіктері талқыланды.

Ұлыбританияның мемлекеттік министрлері Анас Сарвар, Крис Макдональд және Канишка Нараянмен жеке кездесу өтті. Тараптар сауда-инвестициялық әріптестікті тереңдету, британдық технологияларды трансферттеу және ғылым, инновация, жасанды интеллект салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне баса назар аударды. Мұнымен қоса, Alatau City-дің қалалық инфрақұрылымын цифрландыру перспективалары сөз болды.

Білім беру бағыты аясында қазақстандық делегация Magdalen College School басшылығымен келіссөздер жүргізді. Alatau City-де халықаралық деңгейдегі мектеп ашу, британдық білім беру бағдарламаларын енгізу және педагогтерді бірлесіп даярлауды ұйымдастыру мүмкіндігі талқыланды.

Айта кетелік Alatau City жобасына $1,3 млрд инвестиция тарту көзделгені туралы жазған едік.